NoFake

Орта Азияда қыс неге жылып барады: неміс ғалымымен эксклюзив сұхбат

Фото: Nofake.kz

Германияның Лейпциг университетінің ғалымы Карстен Хауштейн Қазақстан мен Орта Азия климатындағы өзгерістерді Nofake.kz редакциясына берген эксклюзив сұхбатында баяндады. 

Лейпциг университетінің Метеорологиялық институтының ғылыми қызметкері, доктор Карстен Хауштейн экстремалды ауа райы құбылыстары, биоалуантүрліліктің азаюы және климаттың антропогендік өзгеруі арасындағы өзара байланыстарды зерттейді. Ғалым, әсіресе, климаттағы өзгерістердің қаншалықты дәрежеде адам әрекетінің әсерінен туындағанын анықтайды. Ғалыммен Орта Азия елдерінде, соның ішінде Қазақстандағы климаттың соңғы жылдары жылыну себептерін талқыладық.

Доктор Хауштейн, Орталық Азиядағы ең ірі ел – Қазақстанда, әсіресе, солтүстік аймақтарда соңғы жылдары қыс жылы өтіп жүр. Ғылыми тұрғыдан алғанда, мұндай өзгерістер немен түсіндіріледі? 

— Қазақстан – өте үлкен ел. Осы тұрғыдан алғанда, әңгіме тек жергілікті емес, өңірлік өзгерістер туралы болып отыр. Біз Қазақстанмен бірге жалпы өңірдегі климаттың өзгеруін байқаймыз. Бұл өзгерістер – антропогендік, яғни адам әрекетінен туындап отыр. Демек, бұрын тұрақты болған климат, енді адам әсерінен біртіндеп өзгеріп жатыр. Ал, соңғы 50 жыл ішінде, алдыңғы кезеңдермен салыстырғанда климаттың бұрынғыдан да жыли түскенін байқаймыз. Зерттеулер осы 50 жыл ішінде температураның өсу қарқыны тұрақты болғанын көрсетеді. Мәселен, әр он жылда температура 0,5 градустай жылынып отырған. Осы жарты ғасыр ішінде Қазақстан, Орталық Еуропа мен Азияның көптеген өңірлері сияқты, шамамен 3 градус Цельсийге жылынды. Бұл әсіресе қыс мезгілінде байқалады. Сонымен бірге атмосферада ылғал мөлшері артып келеді. Ауа неғұрлым жылы болса, соғұрлым ол ылғалды көбірек cіңіреді. Ылғалдың көбеюі жауын-шашынның артуын, ал егер температура нөлден төмен болса, қардың көбеюін білдіреді.

Cонда өңірде расымен климаттық өзгерістер орын алып жатыр ғой? 

— Климат — кемінде 20, 30, 40 жыл ішіндегі ауа райы жағдайларының статистикасы, яғни орташа көрсеткіші. Мысалы, бір қыс өте суық болуы мүмкін, келесісі керісінше жылы болуы ықтимал. Дәл қазіргі кезеңде, иә, біз бұрынғыға қарағанда жылы қыстарды жиі көріп отырмыз. Бірақ, оның арасында бір қыс суық бола қалса, адамдар күн райының жылынғанына тағы да күмән келтіруі мүмкін. Себебі, олар бұған дейінгі қыстың қандай болғанын көп жағдайда есте сақтай бермейді. Біз тек ұзақмерзімді үрдістерді есте сақтауға қабылеттіміз. Мәселен, биыл Еуразияның қысы суық болды. Ал, Мәскеуде қардың рекордтық мөлшері тіркелді. Көрдіңіз бе? Мұндайда адамдар суық қысты көріп, бұған дейін естіген қыстың жылуы туралы болжамдарды жоққа шығаруы мүмкін. 

Климаттағы мұндай өзгерістерді жаһандық жылынумен байланыстыруға бола ма? 

— Егер мәселе тек бір ғана қыс туралы болса, олай айта алмаймыз. Мұндайда бұл — жай ғана ауа райы болады. Ал егер әңгіме онжылдық кезең туралы болса, онда әрине бұл климаттық өзгеріс болады. Ғалымдар ауа райының құбылмалылығын 10, 20, тіпті 30 жылдық кезеңде зерттейді. Сондықтан климаттың стандартты «нормалық» кезеңі 30 жыл деп алынады. Жоғарыда айтқанымдай, соңғы 50 жылда өңірлер бойынша орташа қысқы температура сызық (ред. кесінді) деп алсақ, осы сызық бойынша тұрақты өсу үрдісі байқалады. Ал сызықтың жоғары-төмен жағында ауа райы құбылғанын нақты көруге болды, демек ол жылдан жылға өзгеріп келеді. Қарапайым тілмен айтқанда, қатарынан 3 жыл қыс жылы болса, ол ауа райының құбылмалылығы, ал соңғы 20-30 жылда қыс жылынып кетсе, ол климаттағы өзгерістің нақты дәлелі. 

Cонда жаһандық жылынудың Қазақстан сияқты елдер үшін, температурадан басқа қандай салдары болуы мүмкін? 

— Бұл жерде таяқтың екі ұшы барын ұмытпаған жөн. Мысалы, қыста қар көп жауу мүмкін. Ол жануарларға қиындық тудырады. Немесе кейде қатты аяз тұрып, қар жаумауы мүмкін, ол тіпті қауіпті. Себебі, қарсыз жердің беті мен өсімдіктер үсіп қалады. Сол себепті экожүйе мен биоалуандылық үшін, қардың көп жаууының теріс әсері жоқ. Бірақ ірі қалалар үшін, ол қосымша шығын. Өйткені, көшедегі қаржы жинау үшін техника, ресурс қажет болады. Ол көлік қатынасының бұзылуына, рейстердің кешігуіне, әуежайлардың жабылуына әкеледі. Бірақ жалпы қыстағы климаттық өзгерістер жаздағы сияқты қиындықтар әкелмейді. 

Қыс емес, жаз қауіпті ме

Cіздің ойыңызша, жаздағы климаттық өзгерістер қыстағы өзгерістерге қарағанда қауіпті болып отыр ғой? 

— Иә, Қазақстан – жазы ыстық ел, әсіресе елдің оңтүстігінде ми қайнатар ыстық болады. Негізгі мәселе дәл осы жазғы аптап ыстыққа байланысты болып отыр. Оны ғалымдар «үнсіз қылмыскер» деп атайды. Жоғары температура шынымен табиғат былай тұрсын, адам өміріне қауіпті. Егер үйде кондиционер болмаса немесе ауыз су тапшы болса, адам ағзасындағы су теңгерімін сақтай алмайды. Аптап ыстықта зат алмасу бұзылып, ағза оны көтере алмайды, сөйтіп өлім қаупі ұлғаяды. Осы ретте, менің әріптестерім атрибуциялық зерттеулерді жүргізді. Онда біз әр жазда күтілетін «қалыпты» өлім-жітім көрсеткішінің қалай өзгеріп отырғанын зерттейміз. Бүгінде Еуропада, Азияда, оның ішінде Орталық және Оңтүстік Азияда, ыстыққа байланысты өлім саны күрт артқан. Бұл мыңдаған адам туралы сөз. Сондықтан иә, жазғы аптап ыстық – климаттық өзгерістердің ең қауіптісі. Оған, тұщы су тапшылығы, құрғақшылық мәселесін қосыңыз. 

Осы ретте, климаттық өзгерістер нақты қандай жаһандық дағдарысқа әкелуі мүмкін, толықтырып өтсеңіз? 

— Мысалы, аптап ыстық салдарынан ауыл шаруашылығы саласында дағдарыс орын алады. Мемлекет халықты ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ете алмауы мүмкін. Міне, бұл климаттық өзгерістердің ішіндегі ең қауіптісі. Қатты ыстықтан өнім жиналмаса, бұл азық-түлік бағасының өсуіне де әкеледі. Әрине, мұның бәрі тек климаттық өзгерістердің факторларының бірі ғана. Бірақ кейде мәселенің ушығуына осындай фактордың өзі жеткілікті болады. 

Cоңғы сұрағымыз болсын, климаттық өзгерістерге қатысты адамдар арасында қандай жалған түсінік қалыптасқан? Солардың бірлі-екісіне тоқталсаңыз? 

— Біріншіден, ауа райы тек «жылынып келе жатыр» дегеннің өзі қате түсінік. Шындығында, өзгерістер әр түрлі, кей жылдары қыс жылы болса, кейде керісінше қыс қатты. Екіншіден, бұл тек тек жылыну мен суу байқалатын климаттық өзгеріс емес, бұл қоғамдық өзгеріс. Айтайын дегенім, экстремалды ауа райы құбылыстары әрқашан болған, бола береді де. Бірақ қазір олардың саны артқан. Мұндайда бастысы адамдардың «климат өзгеріп жатыр, дағдарыс болады» деген қорқынышын пайдаланып, оларға манипуляция жасауға жол бермеу. Біреулер мұндай ақпаратқа сенсе, енді бірі сенбейді, нәтижесінде түрлі институттарға деген сенім жоғалып барады. Ал, институттарға сенім жоғалған уақытта, басқару жүйесі де әлсірей бастайды. Сондықтан, тек өз айтары бар, жауапкершілігі мол мамандар ұсынған ақпаратқа ғана сенген жөн. Әрине, жер бетінде нақты орын алып жатқан факторлар да бар. Мәселен, мұздықтардың еруі, тропикалық ормандардың деградациясы, Атлант мұхитындағы ағыстардың әлсіреуі. Бірақ бұлардың ешқайсысы адамзаттың бір сәтте жойылып кететінін білдірмейді. Сосын адамдар арасында қалыптасқан тағы бір қате түсінік — кенеттен болатын климаттық апатты күту, яғни бір күні бәрі соншалықты нашарлап, өмір сүру мүмкін болмай қалады деген сенім. Оның бәрі жалған. Климаттың өзгеруі — біртіндеп жүретін процесс. Ешқандай климаттық дағдарыс адамзатты «жойып» жібермейді. Иә, ол кері әсерін тигізеді, бірақ бірлескен әрекеттер арқылы оның салдарын жеңілдетуге және басқаруға болады. 

Әңгімеңізге рахмет!  

Оқу үшін