Смартфон арқылы ақша ұрлау: ІІМ жаңа алаяқтық схеманы әшкереледі

Фото: Polisia.kz
Әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы таралып жатқан зиянды қосымшалар азаматтардың смартфондарына қашықтан қол жеткізуге мүмкіндік береді. Ішкі істер министрлігі жаңа алаяқтық схема туралы ескертті, деп хабарлайды NoFake.kz.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта Android операциялық жүйесі орнатылған мобильді құрылғыларға зиянды бағдарламаларды орнатып, тарату фактілері тіркелуде. Қаскөйлер фишингтік сілтемелерді мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы жолдайды, жалған мобильді қосымшалар ұсынады, сондай-ақ фото, видео немесе құжат түрінде жасырылған файлдарды таратады.
Сонымен қатар алаяқтар мемлекеттік органдар, банктер мен жеткізу қызметтері атынан хабарламалар жіберіп, акцияға немесе ұтыс ойынына қатысу сылтауымен қосымша орнатуды талап етеді.
Министрлік мәліметінше, зиянды бағдарлама орнатылғаннан кейін қаскөйлер құрылғыға қашықтан қол жеткізіп, банк шоттарындағы қаражатты ұрлауы, онлайн-несие рәсімдеуі, жеке деректер мен хат алмасуды таратуы немесе телефонды бұғаттап, ақша талап етуі мүмкін.
«Үшінші тұлғалардың өтініші бойынша қосымшаларды орнатпаңыз, SMS арқылы келген кодтарды ешкімге хабарламаңыз, күмәнді сілтемелерге өтпеңіз. Тек ресми қосымшаларды және антивирустық бағдарламаларды пайдаланыңыз. Күдік туындаған жағдайда интернетті дереу өшіріп, банкпен байланысыңыз және құқық қорғау органдарына жүгініңіз. Сақ болыңыз. Цифрлық қауіпсіздік өзімізден басталады», – деп ескертті ІІМ.
Министрлік сондай-ақ қауіпті белгілерге назар аударуға шақырды. Атап айтқанда, батареяның тез таусылуы, құрылғының қызуы және бейтаныс қосымшалардың пайда болуы зиянды бағдарламаның белгісі болуы мүмкін.


