Сиыр еті экспортына тыйым салынған жоқ — АШМ

Фото: Gov.kz
Ауыл шаруашылығы министрлігі кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында тараған сиыр етін экспорттауға арналған сыртқы нарықтар жабылды деген мәліметтің жалған екенін мәлімдеді, деп хабарлайды NoFake.kz.
Министрліктің хабарлауынша, сыртқы сауда саласында шектеу шараларын енгізу туралы шешімдер жеке дара қабылданбайды.
«Қолданыстағы заңнамаға сәйкес мұндай шешімдер бірнеше мемлекеттік органнан тұратын Ведомствоаралық комиссияның құзыретіне жатады. Оның құрамына Сауда және интеграция министрлігі, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі, сондай-ақ «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы кіреді»,-делінген министрліктің ресми хабарламасында.
Сәйкесінше, экспорттық тәртіпті енгізу немесе өзгерту жөніндегі шешімдер комиссия мүшелерінің ұсыныстары мен жағдайды жан-жақты талдау негізінде бірлесіп қабылданады.
«Биылғы 29 тамыздағы Ведомствоаралық комиссия шешімімен сиыр етін экспорттауға тыйым салу емес, керісінше 2025 жылдың соңына дейін 13 мың тонна көлемінде квота белгілеу тетігі енгізілгенін еске саламыз. Бұдан кейін 2025 жылғы 18 желтоқсандағы комиссия шешімімен квоталау 2026 жылдың бірінші жартыжылдығына 20 мың тонна көлемінде ұзартылды. Осыған байланысты экспортқа «тыйым салынды» деген тұжырымдар шындыққа сәйкес келмейді және нақты жағдайды толық көрсетпейтіні анық»,-деп атап өтті министрлік.
Министрліктің айтуынша, қазіргі таңда бірқатар кәсіпорындардың экспорттық нарықтарға қол жеткізу мүмкіндігі бар. Осыған орай Ауыл шаруашылығы министрлігі квоталарды бөлу тетігін қайта қарау арқылы экспорттаушылар қатарын кеңейту қажеттігі жөнінде ұсыныстар енгізді.


