Сиыр етінің бағасы 6 мың теңгеге жеткен жоқ — министрлер

Коллаж nofake.kz/
Қазақстанда базарларда сиыр еті 6 мың теңгеден сатылып жатыр деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, еттің бағасы 4500 теңгеден асқан емес.
Бұған дейін бірқатар отандық БАҚ-та «сиыр еті 6 мың теңгеге жетті» деген материалдар жарияланған. Алайда Үкімет отырысында жауапты министрліктер бұл деректі жоққа шығарды.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі
«Елімізде мал басы жеткілікті. Қазір 8,7 млн ірі қара бар, бұл өткен жылмен салыстырғанда 17 пайызға көп. Малдың тірідей бағасы бұрын 1200 -1500 теңге болса, қазір 1700-1800 теңгеге жетті. Осыған байланысты еттің құны орта есеппен 200-500 теңгеге өсуі мүмкін. Бірақ одан артық өспеді. Фермерлер етті көтерме саудада 3200-3500 теңгеден өткізеді. Базардағы соңғы баға сатушыларға байланысты», – деді министр Айдарбек Сапаров.
Сауда министрлігінің мәліметі
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев те бағаның 6 мың теңгеге жетпегенін растады.
«Өткен аптада «Сауран» базарынан 1 келі етті 4200 теңгеге алдым. Әрине, баға айырмашылығы бар: онлайн тапсырыс пен дайын жинақтарда кәуапқа арналған филенің құны 5700 теңгеге дейін жетуі мүмкін. Бұл – тұтынушы сұранысына байланысты. Әлеуметтік маңызы бар тауарларға үстеме баға 15 пайыздан аспайды. Негізінен бағаны көтеріп отырған делдалдар. Біз енді етті қымбат сатқандарға айыппұл саламыз», – деді ол.
nofake.kz/ тілшісі «Сауран» және «Еуразия» базарларына хабарласып, сиыр етінің келісі қаншадан екенін сұрап көрді. Қазіргі таңда:
«Еуразия» базарында сиыр етінің бір келісі – 4500 теңге.
«Сауран» базарында сиыр етінің бір келісі – 4300 теңге.
Көріп отырғандарыңыздай, Қазақстанда сиыр етінің базардағы орташа бағасы 3200-4500 теңге аралығында. Кейбір дайын жиынтықтарда немесе филеде баға 5700 теңгеге дейін жетуі мүмкін, бірақ 6 мың теңге көрсеткіші жалған.


