СІМ Дубайдан кімдер бірінші кезекте эвакуацияланатынын атады

Фото: depositphotos
Үкіметтегі брифингте ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Таяу Шығыста қалып қойған қазақстандықтарды елге қайтару кезінде қай санаттағы азаматтарға бірінші кезекте басымдық берілетінін түсіндірді, деп хабарлайды NoFake.kz.
СІМ өкілінің мәліметінше, басымдық 2026 жылғы 28 ақпан – 1 наурыз аралығында ұшуы тиіс болған, алайда әуе кеңістігінің жабылуына байланысты ұша алмаған жолаушыларға беріледі. Міндетті шарт – осы күндерге жарамды, пайдаланылмаған әуе билеті болуы керек.
Бірінші кезекте эвакуацияланатындар:
— зейнеткерлер (еріп жүретін адамсыз);
— мүгедектігі бар азаматтар (бір еріп жүрушімен);
— жүкті әйелдер (еріп жүретін адамсыз);
— 5 жасқа дейінгі балалар (бір ата-анасымен бірге).
Вице-министр Дубайдан орындалған рейске қатысты да түсінік берді.
«FlyDubai компаниясының шешіміне сәйкес, 28 ақпанға билет сатып алған, бірақ 1–2 наурызда ұша алмаған Қазақстан азаматтары ұшты. БАӘ әуе кеңістігін өзге әуе компаниялары үшін жапты, алайда өз ұлттық компанияларына жолаушылар алдындағы міндеттемелерін орындауға мүмкіндік берілді. Сондықтан кешегі рейс жүзеге асты. Бұл – қолында алдын ала сатып алынған билеті бар азаматтар», – деді Әлібек Бақаев.
Оның айтуынша, транзитте қалған немесе билеті жоқ қазақстандықтарды қайтару көрші мемлекеттер арқылы жүзеге асырылады.
«БАӘ мен Қатар аумағында жүрген азаматтар екі көрші мемлекет арқылы эвакуацияланады. Бүгін Дубайдан біздің азаматтар отырған автобустар колоннасы Оман Сұлтанатына жолға шықты. Күн соңына дейін Оманнан Қазақстанға 467 азаматты екі рейспен қайтаруды жоспарлап отырмыз. Қатардан азаматтарды автобуспен Сауд Арабиясына – алдымен Эр-Риядқа, одан кейін Джиддаға жеткіземіз. Сол жерден қазақстандық әуе компанияларының борттарымен елге қайтарамыз», – деп нақтылады вице-министр.
СІМ эвакуация кезең-кезеңімен жүргізілетінін атап өтті. Айта кетейік, бұған дейін Көлік министрі Үкімет отырысында карта көрсетіп, Таяу Шығыста жабылған әуе кеңістігі жағдайында қазақстандықтарды елге қайтару бағыттарын түсіндірген болатын.


