Шымкенттегі Қарасу өзені көгілдір түске боялды: Экологтар тексеріс жүргізді

Скрин видео
Әлеуметтік желіде Шымкенттегі Қарасу өзенінің суы көгілдір түске боялғаны бейнеленген видео тарағаннан кейін, қала экологтары оқиға орнына барып тексеріс жүргізді, деп хабарлайды nofake.kz/.
Бұл туралы Шымкент қалалық экология департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
«5 ақпан күні Instagram желісінде Қарасу өзенінің ластанғаны және суының көгілдір түске боялғаны бейнеленген бейнежазба жарияланды. Аталған жарияланымға байланысты Шымкент қаласы бойынша Экология департаменті жедел түрде әрекет етіп, сағат 13:25-те зертханалық-талдамалы бақылау бөлімінің мамандары көрсетілген өзен учаскесіне шұғыл түрде шықты. Мақсат – су сынамаларын алып, ластану себебін анықтау. Тексеру барысында бейнежазбаның таңғы уақытта түсірілгені анықталды. Департамент мамандары оқиға орнына келген сәтте судың ластану белгілері тіркелмеген, визуалды ауытқулар байқалмаған»,-делінген ресми хабарламада.
Сондай-ақ, экологиялық жағдайды тұрақты бақылау мақсатында Қарасу өзеніндегі жағдай Экология департаментінің бақылауына алынған.
Шымкент қаласы бойынша Экология департаменті су объектілерінің жай-күйіне тұрақты мониторинг жүргізіп, қала тұрғындарын қоршаған ортаны қорғауға белсенді қатысуға және мүмкін болатын ластану фактілері туралы дер кезінде хабарлауға шақырады.


