NoFake

Шымкентте студенттерді TikTok арқылы алдаған схема әшкереленді

Фото: depositphotos

Шымкентте студенттерді әлеуметтік желі арқылы алдап, ақша бопсалаған күдіктілердің әрекеті әшкереленді, деп хабарлайды NoFake.kz.

Полиция мәліметінше, екі адам 2025 жылдың қазан айынан бастап TikTok арқылы Шымкенттегі жоғары оқу орындары студенттерінің парақшаларын анықтап отырған.

«Арнайы боттардың көмегімен олар студенттердің телефон нөмірлері мен жеке деректерін жинаған. Одан кейін күдіктілер оқу орнының порталын пайдаланып, студенттердің үлгерімін тексерген. Кейбір студенттердің сынақтан өтуге жеткілікті балы жоқ екенін анықтаған соң, алаяқтар мессенджер арқылы хабарласып, өздерін университет қызметкерлері ретінде таныстырған»,-деп хабарлады полиция департаменті.

Олар студенттерге сынақтан өту үшін бір балл жетпей тұрғанын айтып, емтиханға жіберілмей қалу немесе академиялық қарыз пайда болуы мүмкін екенін ескерткен. Кейін «мәселені шешіп беруді» ұсынып, бағаны түзету үшін ақша талап еткен.

«Алаяқтар мұндай «қызметі» үшін әр студенттен 70–80 мың теңге сұраған. Ақша алғаннан кейін байланысқа шықпай қойған. Қазіргі уақытта олардың алты эпизодқа қатысы бары анықталған. Аталған факті бойынша тергеу жүргізіліп жатыр»,-деп жазды Polisia.kz басылымы.

Полиция интернет-алаяқтар әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде түрлі ұйым қызметкерлері ретінде танысып, адамдарды алдауы мүмкін екенін ескертті. Күмәнді хабарламаларға сенбеу, жеке деректер мен растау кодтарын бермеу және бейтаныс адамдарға ақша аудармау ұсынылады.

Оқу үшін