Шымкентте шенеуніктерден ақша бопсалады деген күдікпен блогер ұсталды

Скрин видеодан
Шымкентте әлеуметтік желіде беделіне нұқсан келтіретін видеоларды жариялаймын деп қорқытып, азаматтардан ақша бопсалады деген күдікпен блогер мен оның үш сыбайласы ұсталды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлады.
ІІМ мәліметінше, Шымкент қаласы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы Instagram-да шамамен 150 мың оқырманы бар жергілікті блогер мен оның үш сыбайласының заңсыз әрекетін тоқтатқан.
«Олар кәсіпкерлер мен мемлекеттік қызметшілерді әдейі бейнетаспаға түсіріп, қызметтік міндеттерін атқару кезінде орын алды деп болжанған тәртіп бұзушылықтарды, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметке қатысты болуы мүмкін заң бұзушылықтарды сылтау етіп, түрлі бейнематериалдар жинаған. Кейін сол бейнежазбаларды әлеуметтік желілерге жарияламау үшін азаматтардан ақша талап еткен», – делінген ІІМ хабарламасында.
Ведомствоның мәліметінше, күдіктілер ұсталып, қамауға алынды. Қазір қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.


