Шулы музыка, жөндеу жұмыстары: Астанада тыныштық уақыты қашан басталады

Фото: Freepik
Елорда полициясы Жаңа жыл түні де белгіленген уақыттан кейін көршілердің демалу құқығы сақталатынын мәлімдеді, деп хабарлайды nofake.kz/.
Жыл соңы — мандарин иісі аңқыған мерекелер, дастархан басындағы ұзақ әңгіме мен таңға дейін созылатын музыка. Дегенмен, ең думанды күндердің өзінде қалада тыныштыққа қатысты ортақ талаптар бар. Көршілердің тынығу құқығы мерекелік күндерге қарамастан сақталады.
Астана қаласы ПД Патрульдік полиция полкінің қызмет инспекторы, полиция капитаны Нұрлыбай Махамадалиевтің түсіндіруінше, тұрғын үйлерде шу жұмыс күндері сағат 22:00-ден 09:00-ге дейін, ал демалыс және мереке күндері 23:00-тен 10:00-ге дейін құқық бұзушылық болып саналады. Шу дегеніміз — көршілердің ұйқысы мен тыныштығына кедергі келтіретін кез келген нәрсе: қатты музыка, дастархан басындағы таңға дейінгі отырыстар, жөндеу жұмыстары, тіпті тұрғын үйлердің ішінде немесе маңында орналасқан ойын-сауық орындарының дыбысы да осыған жатады.
«Бұл нормалар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 437-бабында — “Тыныштықты бұзу” ретінде бекітілген. Бақылаудан шыққан бір кеш үшін жеке тұлғаға 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынуы мүмкін, ал бизнес субъектілеріне 20-дан 100 АЕК-ке дейін айыппұл қарастырылған. Егер мұндай жағдай бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл сомасы шамамен екі есеге өседі», — дейді полиция инспекторы.
Сонымен бірге полиция заңда шу мен өмірлік жағдайлардың айырмасы барын атап өтеді. Батарея жарылуы немесе апаттық жөндеу секілді төтенше жағдайлар құқық бұзушылық болып саналмайды. Сондай-ақ баланың жылауы да хаттама толтыруға негіз болмайды.
«Балалар жүгіріп, шулаған жағдайда алғаш рет ескерту жасаймыз. Қайталанған шағымдарда да солай әрекет етеміз. Егер арыз-шағымдар жалғаса берсе, учаскелік инспектор қосылып, ата-аналармен неғұрлым байыпты профилактикалық әңгіме жүргізеді», — деп түсіндірді Нұрлыбай Махамадалиев.
Жасөспірімдерге қатысты да жеке тәсіл қолданылады. 14 жастан бастап алғашқы құқық бұзушылық ескертумен шектеледі, ал қайталанса жауапкершілік ата-аналарға жүктеледі. 16 жастан бастап әкімшілік хаттама тікелей құқық бұзушының өзіне толтырылады, сонымен қатар ата-аналарға да жеке қаулы шығарылады.
Барлық шақыртулар мен құқық бұзушылық фактілері полиция қызметкерлерінің кеудеге тағылатын бейнежазбаларымен тіркеледі. Сонымен қатар арызданушылардан шағымды аудио немесе бейнежазбамен растау талап етілуі мүмкін.
Егер адам кінәсін мойындаса, айыппұлды 7 күн ішінде 50% жеңілдікпен төлеуге құқығы бар. Келіспеген жағдайда хаттама толтырылып, түпкілікті шешімді сот қабылдайды. Өз ұстанымын дәлелдеу мүмкін болмаса, айыппұл толық көлемде төленеді.
Еске сала кетейік, жауапкершілік тек пәтер ішіндегі шу үшін ғана емес, белгіленген уақыттан кейін аулада жиналып, қатты дауыстап жүрген топтар үшін де қарастырылады. Және мереке қарсаңындағы ең басты ескерту: Жаңа жыл түніне ешқандай жеңілдік заңда көзделмеген. Музыка қатты болуы мүмкін, бірақ тек белгіленген уақытқа дейін. Бұған дейін ІІМ жаңа жылдық мерекелер кезінде петарданы пайдалану ережелерін де түсіндірген болатын.


