Щучинскіде өрт: зардап шеккендер мен тергеу барысы туралы соңғы мәліметтер

Фото: depositphotos
Щучинскіде болған жарылыстан зардап шеккен тағы екі науқас көз жұмды. Осылайша, қаза тапқандар саны 9 адамға жетті, деп хабарлайды NoFake.kz.
Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Ермектің айтуынша, дәрігерлер ауыр халдегі науқастарды аман алып қалу үшін бар күшін салған.
«Бұған дейін денсаулық сақтау басқармасы Щучинскіде болған жарылыс салдарынан 28 адам зардап шеккенін, 7 адамның қаза тапқанын хабарлаған еді: 5 адам оқиға орнында, 2 адам ауруханада көз жұмды. Бесеуі санавиация арқылы Астанаға эвакуацияланды. 2 наурыздағы жағдай бойынша «Авиценна-Бурабай» стационарында төрт науқас қалған, тағы төрт адам Ақмола облыстық ауруханасының жансақтау бөлімінде жатқан. Өңір дәрігерлері әр науқастың өмірі үшін бар күшін салып, барлық кадрлық әлеуетті, медициналық техниканы және дәрі-дәрмекті жұмылдырды. Алайда қазіргі уақытта Щучинскідегі стационарда жатқан жағдайы ең ауыр екі науқастың, қабылданған барлық шараларға қарамастан, көз жұмғанын өкінішпен хабарлаймыз. Осылайша қаза тапқандар саны 9 адамға жетті.», – деді Нариман Ермек.
Өңір прокуратурасының мәліметінше, «Центр плова» дәмханасындағы өрт фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабының 3-бөлігі — «Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан» бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Тергеуді арнайы прокурорлар жүргізіп жатыр. 2026 жылғы 2 наурызда ҚР ҚПК-нің 128-бабы тәртібімен дәмхана иесі ұсталды.
Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Тергеу барысы Бас прокуратураның бақылауында. ҚР ҚПК-нің 201-бабы 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Бұған дейін жарылыс салдарынан 28 адам зардап шеккені хабарланған болатын. Айта кетейік, бұған дейін Ақмола облысының Щучинск қаласындағы қоғамдық тамақтану орындарының бірінде жарылыс болып, салдарынан 7 адам қаза тапқан еді. Осыған орай, ҚР ТЖМ зардап шеккендерге көмек көрсетуді тапсырған болатын.


