NoFake

Хаменова, Тұрлыханов: жазасын өтеушілер қай кезде тойға бара алатынын түсіндіреміз

Коллаж: nofake.kz/

Экс-депутат Бақытгүл Хаменованың тойда жүрген видеосы жарияланғаннан кейін қоғамда “сотталған адам қалайша мерекелік іс-шараға бара алады?” деген сұрақ туындады. Осыған орай nofake.kz/ Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінен ресми түсініктеме алды.

Ведомствоның берген жауабында жазасын өтеу мерзімі кейінге қалдырылған азаматтарға арнайы шектеу бары айтылады.

«Жазаны өтеу уақыты кейінге қалдырылғандар пробация қызметінің бақылауында болады және заңда белгіленген шектеулерді сақтауға міндетті», — деп түсіндірді ведомство өкілдері.

Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің хабарлауынша, жазаны өтеу уақыты кейінге қалдырылғандарға мынадай шектеу бар: 

• Қазақстан Республикасының аумағынан шығуға тыйым салу;
• Пробация қызметіне кемінде тоқсанына бір рет тіркелу;
• Баланың қандай жағдайда тұрып жатқанын тексеру – әкімдік өкілдерінің қатысуымен өткізіледі;
• Тұрғылықты жерін өзгерткен немесе басқа өңірге кеткен жағдайда пробация қызметін хабардар ету;
• Уәкілетті қызметкердің шақыруы бойынша пробация қызметіне келу.

Ал, шартты түрде сотталғандарға ойын-сауық орындарына баруға шектеу қойылады және ол үкімде жазылады.

«Шартты түрде сотталғандарға сотпен ойын-сауық һ баруға шектеу қойылады, бұл шектеу үкімде көрсетіледі. Ал, жазасын өтеу мерзімі кейінге қалдырылғандарға үкімде мұндай шектеу жазылмайды. Жазасын өтеу мерзімі кейінге қалдырылған азаматтарға жоғарыда атап көрсетілген шектеулер ғана бар», — деп түсіндірді құзырлы мекеме. 

Хаменова ісінен бөлек, 2024 жылы Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болат та қоғам назарын аудартқан еді. Ол шартты түрде сотталып, пробация бақылауында жүрген кезде туған күн кешінде түскен видеосымен дауға қалған. Кейін құзырлы органдар оның бақылау шарттарын бұзғанын растады.

Оқу үшін