NoFake

ҚҚС туралы жалған ақпаратқа сенбеңіз — Жұманғарин ескерту жасады

nofake.kz/

ҚР Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Астанада бизнес қауымдастық пен БАҚ өкілдерінің басын қосып, қосымша құн салығына қатысты әлеуметтік желіде тарап жатқан жалған ақпараттарға сенбеуге шақырды. Себебі соңғы он күн Threads желісінде қосымша құн салығына қарсы ақпараттық бум пайда болған еді.

nofake.kz/ тілшісі министрдің жиында айтқан негізгі мәселелеріне шолу жасап шықты.

«Өтінемін, осы тақырыпта хайп жасап жүрген адамдарға сенбеңіздер», – деді вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Астанада өткен семинарда. Оның айтуынша, ҚҚС төңірегінде тексерілмеген ақпарат тарап жүр, ал үкімет жаңа Салық кодексіндегі өзгерістерді ашық талқылауға шығарды.

Ол сондай-ақ, үкімет құжаттарды кеңінен, бірақ конструктивті талқылауға дайын екенін атап өтті.

«Үкімет қаулысының жобасы ашық құжаттар порталында жарияланғаннан кейін біз оны талқылауға әзірміз. Бірақ конструктивті түрде. Тағы қайталаймын: осы тақырыпта хайп жасайтын адамдарға сенбеңіздер. Олар – даңқ іздегендер. Мен оны «Герострат даңқы» деймін. Ол – ежелгі грек, Эфестегі Артемида храмын өртеп, сол арқылы тарихта қалған», – деді ол.

Жұманғариннің пікірінше, тексерілмеген деректерді жариялау — қоғамдағы тұрақтылықты бұзады.

«Бұл адамдар расталмаған фактілерді таратып, қоғамды, бизнес ортаны дүрліктіреді. Қысқа мерзімді мақсатты көздейтін шығар – жазылушылар санын арттыру сияқты. Бірақ олар мұның түбі әлеуметтік шиеленіске жалғасатынын түсінбейді. Ал үкімет ресми жариялаған дүниені біз ресми түсіндіреміз», – деді министр.

Назарда – ҚҚС, мүлік салығы және шот-фактура

591-бапқа сәйкес, мүлікті қайта бағалау нормасы қайта қаралады. Қазір компаниялар есепті бастапқы құн бойынша жүргізе алады, бірақ болашақта бұл талап жетілдіріледі. Алайда 2026 жылы салық органдары қайта бағалауды талап етпейді, кәсіпорындар мүлік салығын өз есептерінде көрсетілген құн бойынша төлей береді. Міндетті қайта бағалау нормасы күшіне енгеннен кейін тек үш жылдан соң жүзеге асады.

Қосымша құн салығы (ҚҚС) бойынша камералдық бақылау хабарламаларын кері қайтарып, өз айналымын төмендеткендер үшін автоматтандырылған бақылау енгізіледі. Бұл – жалған шот-фактуралармен күресуге бағытталған шара. Автоматтандырылған бақылау тек 2026 жылы басталады. Бұрын мұндай заңсыздыққа барған компаниялар автоматты түрде бақылауға алынбайтын.

Серік Жұманғариннің айтуынша, билік «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірге жеңілдетілген салық режимін қолдануға рұқсат етілетін қызмет түрлерінің тізімін әзірлеп жатыр. Негізгі қағида: бұрыннан осы режимде жұмыс істеп жүргендер сол күйде қала алады. Жұманғарин жалпы тізімге шамамен 1,3 млн бизнес субъектісі енеді деді. Оның ішінде 318 қызмет түрі – рұқсат етілетін, 700-ден астамы – тыйым салынатын санатқа кіреді.

Жеңілдетілген салық режиміне өтетін кәсіп түрлері:

В2С секторына бағытталған өңдеу өнеркәсібінің бір бөлігі;

Бөлшек сауда (2000 шаршы метрден асатын ірі форматтарды қоспағанда);

Ауыл шаруашылығы, орман шаруашылығы, агрокультура, сондай-ақ креативті сала, мәдениет және спорт;

Техникалық қызмет көрсету, жөндеу және тұрмыстық қызметтер;

Көлік, қоймалау және пошта қызметтері;

Денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер (қызмет түріне қарай, мысалы, жеке кабинеттер);

Құрылыс жұмыстары (штукатурка секілді);

Қонақүй және тамақтандыру қызметтері;

Шаштараз, сұлулық салондары, «үй жанындағы» дүкендер мен базарлар;

Мектепке дейінгі білім беру;

Балық шаруашылығы.

Тыйым салынатын қызмет түрлеріне мыналар жатады:

Көтерме сауда, ірі бөлшек сауда;

Қаржы секторы;

Телекоммуникациялар;

Құрылыс жұмыстарының кейбір түрлері;

Білім беру (мектепке дейінгіден басқа).

«Өңдеу өнеркәсібін ынталандыру және нарықты отандық тауарлармен толықтыру үшін осындай шешім қабылданды. Салық реформасы бюджет кірістерін арттыру үшін керек, өйткені шығыстарды, әсіресе, әлеуметтік шығыстарды қысқарту мүмкін емес», – деді Жұманғарин.

Салықтық тексерулер, жүктеме және арнайы салық режимі

Жаңа кодекс бойынша салықтық тексерулер бұрынғыдай мемлекеттік кірістер басқармалары арқылы тағайындалады. Бірақ маңызды норма енгізіледі: егер салық төлеушінің салық жүктемесінің коэффициенті өз саласындағы ең жоғары көрсеткіштің кемінде 90%-ына тең болса, кешенді салықтық тексеру жүргізілмейді.

Барлық құжаттық тексерулер (үш деңгейлілерден басқа) Мемлекеттік кірістер комитетімен келісіліп, оның төрағасының бұйрығымен тағайындалады. Салық жүктемесінің коэффициенттері жария етіліп, барлық тексерулер прокуратура органдарында міндетті тіркеуден өтеді.

Айтарлықтай өзгеріс жалпыға бірдей режимде жұмыс істейтін компаниялар мен жеңілдетілген режимдегі кәсіпорындар арасындағы қатынасқа қатысты. Жаңа нормаға сәйкес, жалпыға бірдей режимдегі фирмалар «жеңілдетілген» жүйедегі компаниялардан алынған қызмет шығындарын салықтық шегерімге қоса алмайды.

Бұл шешім бухгалтерлер мен шағын бизнес өкілдері арасында алаңдаушылық тудырды. Олардың ойынша, бұл шағын кәсіпорындардың клиенттік базасына кері әсер етуі мүмкін. Ал мемлекеттік органдар, керісінше, жеңілдетілген жүйе ең алдымен халыққа бағытталған микро және шағын бизнеске арналуы тиіс екенін атап өтті. Бұл орта және ірі бизнес үшін тең бәсекелестік жағдай қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Резидент еместердің табысына салық салу

Тағы бір маңызды тақырып – резидент еместердің табысына салық салу. Қарыз мерзімі бес жылдан асқанда, резидент еместің табысынан корпоративтік табыс салығын (КТС) ұстау міндеті туындайтыны нақтыланды. Сондай-ақ Booking.com сияқты шетелдік платформалардан қызмет сатып алу «қызмет» ретінде қарастырылатыны түсіндірілді, «роялти» ретінде емес. Жаңа Салық кодексінде «роялти» ұғымы арнайы нақтыланды, ал аумақтық МКД бөлімшелеріне мұндай жағдайларды хабарламалар жолдамас бұрын келісіп алу тапсырылды.

Білім беру саласы (мектепке дейінгіден басқа) өкілдерін тыйым салынған қызмет түрлері тізімінен шығару туралы ұсыныс та айтылды. Мемлекеттік органдар бұл мәселені қарастыруға уәде берді.

Оқу үшін