Сәтбаев әкімі қалаға арнап фотоальбом шығарды: әкімдік түсініктеме берді

Фото: gov.kz
Ұлытау облысы Сәтбаев қаласының әкімі Мұрат Бөрібаев қала тарихына арналған альбом-анықтама шығарған. Осыған байланысты желіде альбом қай қаражат есебінен шығарылғаны әрі мұндай шаралардан бас тартатын уақыт жеткені жайлы ақпарат тараған. Қала әкімдігі аталған мәселеге қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Nofake.kz.
Әкімдік таратқан ақпаратқа сәйкес, 2025 жылдың 3 желтоқсанында Сәтбаевта қаланың альбом-анықтамалығының тұсаукесері өткен. Ол желіде тараған ақпаратқа көрсетілгендей, қала әкімінің жеке еңбегі емес екен. Альбом – жергілікті шығармашыл зиялы қауым өкілдерінің бірлескен жұмысының нәтижесі көрінеді.
«Басылымда қаланың тарихы, инфрақұрылымы, әлеуметтік нысандары, сондай-ақ мәдени және туристік тұрғыдан тартымды орындары туралы кең әрі жүйелі ақпарат ұсынылған. Негізгі мақсаты — Сәтбаев қаласын жан-жақты таныстыру, оның туристік тартымдылығын арттыру, қала тұрғындары мен қонақтарына пайдалы, мазмұнды және қолжетімді анықтамалық ақпарат ұсыну. Басылым қала әлеуетін кең аудиторияға таныстыруға арналған. Альбомды шығару бойынша барлық жұмыстар Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңына сәйкес жүргізілді. Қызмет көрсетуші конкурс негізінде анықталды», — делінген хабарламада.
Сондай-ақ, әкімдік мәліметінше, тұсаукесер қалалық орталықтандырылған кітапхана ғимаратында өтіп, оған БАҚ, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер мен белсенді жастар қатысқан.


