Сайлау күні заң бұзғандар бар ма: Бас Прокуратура мәлімдеме жасады

Фото: Nofake.kz
ҚР Бас прокуратурасы сайлауға қатысты өтініштер мен талап-арыздар келіп түспегенін мәлімдеді, деп хабарлайды Nofake.kz.
ҚР Бас прокуратурасы ұсынған мәліметтерген сәйкес, Құрылтай депутаттарын сайлауда дауыс беру процесі тыныш жағдайда өтіп жатыр. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының ресми өкілі Ерлан Жанпейсовтің онлайн телемарафон барысында прокуратура органдарына ешқандай өтініштер түспегенін мәлімдеді.
«Соттарға да талап-арыздар келіп түскен жоқ. Тек үгіт жүргізуге қатысты бір заң бұзушылық тіркелді. Бүгін кез келген үгіт жүргізуге тыйым салынған. Толтырылған бюллетеньдерді фото-бейне жазбаға түсіру және тарату да үгіт болып табылады. Алайда бүгінде осындай заңның бұзылу фактісі анықталды. Бұл дерек бойынша Алматы тұрғыны ҚР ӘҚБтК 102-бабымен жауапқа тартылды», — деді ол.
Қазіргі таңда, азамат кінәсін мойындап, жарияланымын алып тастаған. Осыған орай, ҚР Бас прокуратурасы ел азаматтарын Құрылтай сайлауы күні заң талаптарын сақтауға шақырды.
Айта кетейік, бүгін Қазақстанда Құрылтай депутаттарының сайлауы өтіп жатыр. Бұған дейін ҚР ІІМ де елде сайлау күні өрескел тәртіп бұзғандар болмағанын мәлімдеген еді.


