Ресей СІМ: Қазақстанда тараған Захарова туралы видео – дипфейк

Скрин М.Захарованың видео-интервьюінен
Ресей Сыртқы істер министрлігі Қазақстандағы әлеуметтік желілерде тараған Мария Захароваға қатысты видеоны дипфейк деп мәлімдеді.
Желіде Ресей СІМ ресми өкілі Захарова Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясында Украина президенті Владимир Зеленскиймен ағылшын тілінде сөйлесті деп айыптаған бейнематериал тараған еді.
Министрліктің дерегінше, бұл жалған ақпараттың мақсаты – Қазақстан мен Ресей арасындағы достыққа сызат түсіру және қоғамда кері эмоция тудыру.
«Бұл – Қазақстанның цифрлық кеңістігіне әдейі тасталған өрескел әрі арам пиғылды жалған ақпарат. Оның мақсаты – Ресей мен Қазақстанның, сондай-ақ халықтарымыздың арасына жік салу, аудиторияда өткір эмоциялық реакция туғызу. Бұл фейктегі бірде-бір сөз шындыққа жанаспайды. Бұған 2025 жылғы 21 маусымда ПХЭФ аясында М.В. Захарованың «Комсомольская правдаға» берген түпнұсқа сұхбатын қарау арқылы оңай көз жеткізуге болады. Көрнекілік үшін фейк пен түпнұсқа үзіндінің бейнесалыстыруын ұсынамыз. Мұндай жалған ақпарат таратудың бұл бірінші рет емес екенін атап өтеміз», — деп мәлімдеді РФ СІМ.
Ресей тарапы атап өткендей, бейнероликте пайдаланылған сұхбат шын мәнінде 2025 жылғы 21 маусымда Петербург халықаралық экономикалық форумы аясында «Комсомольская правда» басылымына берілген.
Ал Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі әзірге ресми түсініктеме жасаған жоқ.


