Референдум қарсаңында ІІМ жалған ақпаратқа сенбеуге шақырды

Фото: ІІМ баспасөз қызметі
Ішкі істер министрлігі қазақстандықтарға үндеу жасап, әлеуметтік желілерде тарауы мүмкін жалған ақпарат пен арандатушылық хабарламалардан сақ болуға шақырды, деп хабарлайды NoFake.kz.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектінің дамуына байланысты жалған контент жасау бұрынғыдан да оңайлаған. Соның салдарынан қысқа уақыт ішінде шындыққа ұқсас, бірақ адамдарды жаңылыстыратын ақпараттар таралуы ықтимал. ІІМ мұндай әрекеттер заңмен жазаланатынын еске салды.
«Көрінеу жалған ақпарат тарату – заң бұзушылық. Мұндай әрекеттер үшін әкімшілік те, қылмыстық та жауапкершілік қарастырылған. Азаматтарды заң талаптарын сақтауға, тексерілмеген ақпаратты таратпауға және ақпараттық мәдениетті сақтауға шақырамыз. Күмәнді хабарламаларды көрсеңіздер, оны әрі қарай жібермеңіздер. Жалған ақпарат көбіне дәл осылай таралады», – деді ІІМ ресми өкілі, департамент бастығы Шыңғыс Алекешев.
Министрлік референдум кезінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті толық қамтамасыз ететінін атап өтті. Сондай-ақ жалған ақпарат тарату және арандатушылық әрекеттер жедел анықталып, заң аясында қатаң қаралатыны ескертілді.


