NoFake

«Референдум күнін Президент жариялайды» – Конституциялық комиссия өз жұмысын аяқтады

Фото: Telegram/Конституциялық сот

Жаңа Конституция жобасын әзірлеген Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның отырысы аяқталды, деп хабарлайды NoFake.kz.

Ол 24 қаңтарда басталған болатын. Содан бері құрамына 130 адам кірген комиссияның 12 отырысы өтті. Азаматтардан 10 мыңға жуық ұсыныс келіп түсті. Нәтижесінде жаңа Конституция жобасы ескі нұсқамен салыстырғанда 84%-ға өзгертілді. Құжат преамбуладан, 11 бөлімнен және 95 баптан тұрады. 77 бапқа түзету енгізіліп, 4 бап алынып тасталды.

І. Конституциялық құрылыс негіздері (1-11 баптар)
ІІ. Негізгі құқықтар, бостандықтар мен міндеттер (12-42 баптар)
ІІІ. Президент (43-51 баптар)
IV. Құрылтай (52-62 баптар)
V. Үкімет (63-69 баптар)
VI. Қазақстан Халық Кеңесі (70-71 баптар)
VIІ. Конституциялық Сот (72-75 баптар)
VIІІ. Сот төрелiгi. Прокуратура. Құқық қорғау тетіктері (76-86 баптар)
ІХ. Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару (87-91 баптар)
Х. Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу (92-93 баптар)
ХІ. Қорытынды және өтпелі ережелер (94-95 баптар)

Соңғы жиынында Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары Ерлан Қарин: «Жаңа Ата заңды “халықтық Конституция” деп атауға толық негіз бар. Заңгерлер мен тіл мамандарының бірлескен жұмысының нәтижесінде жаңа Ата заң мәтіні оқуға жеңіл, түсінуге оңай әрі құқықтық тұрғыдан нақты құжатқа айналды. Сонымен қатар, бұл – бастан-аяқ қазақ тілінде жазылған құжат», – деді.

Енді Ата Заңның соңғы нұсқасымен Президент танысып, жалпыхалықтық референдум өтетін күнді ресми жариялауы тиіс.

Референдум ережесіне сәйкес, халыққа бір сұрақ қойылып, оған екі жауап нұсқасы ұсынылады. Мәселен: «Сіз Конституцияға енгізілген толықтырулар мен өзгерістерді қолдайсыз ба?» Жауап нұсқалары: «иә» немесе «жоқ».

Анықтама: Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері 6-шы рет референдум өткізгелі отыр.

1995 жыл 29 сәуір: Жаңа Конституция қабылдады.

1995 жыл 30 тамыз: Президенттің өкілеттігін 2000 жылға дейін ұзарту туралы референдум.

1998 жылы 17 қазан: Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу.

2022 жыл, 5 маусым: Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу («Жаңа Қазақстан» жобасы).

2024 жыл, 6 қазан: Атом электр станциясын (АЭС) салу мәселесі.

Оқу үшін