«Қызметкерлерді мәжбүрлеп психиатриялық тексеруден өткізу» туралы роликтің Қазақстанға қатысы жоқ

Фото: freepik.com
Желіде медициналық формадағы адамдардың жас жігітті күштеп жедел жәрдем көлігіне отырғызған видеосы таралуда. Алайда бұл ақпарат шындыққа жанаспайды, деп хабарлайды nofake.kz/.
Видео аймақтық пабликтерде кеңінен таралуда. Онда жас жігітті күшпен алып кетіп жатқан жедел жәрдем қызметкерлерін көруге болады. Ролик астындағы жазбада бұл 2026 жылдың 1 наурызынан бастап жұмыс берушілердің қызметкерлерді мәжбүрлеп психиатриялық тексеруге жібере алатыны туралы жаңа ережелерге байланысты деп жазылған. Автор бейнероликке «Қазақстан» деген титр қосып, оқиға біздің елде болып жатқандай әсер қалдырған.

Фотода көріп тұрғандарыңыздай «2026 жылдың 1 наурызынан бастап кей санаттағы қызметкерлер үшін жаңа психиатриялық тексеру ережелері күшіне енеді» деп жазылған. Сондай-ақ, міндетті медициналық тексеріс кезінде психикалық ауытқуға күдік тудыратын белгілер байқалса, жұмыс берушілер қызметкерлерді психикалық жағдайын тексеруге жібере алатыны айтылған.
Сонымен бірге, жазбада бұл өзгерістер жауапты салаларда жұмыс істейтін қызметкерлерге қатысты болатыны жазылған. Олардың қатарында жүргізушілер, мұғалімдер, күштік құрылымдар қызметкерлері мен денсаулық жағдайына тұрақты бақылау талап етілетін басқа да мамандар бар. Алайда бұл нормалар қай елде күшіне енетіні нақтыланбаған.
Кадрларда жедел жәрдем көлігі Қазақстан стандарттарына сай келмейтіні, ал медицина қызметкерлерінің формасы қазақстандық медқызметкерлер киетін киімнен өзгеше екені байқалады.
Шын мәнінде мұндай өзгерістер Ресейде болады деп күтілуде. 2026 жылдың 1 наурызынан бастап онда жұмыс берушілерге арналған жаңа ережелер енгізіледі. Атап айтқанда, шетелдік қызметкерлерді жұмыстан босатудың негіздері кеңейеді, сондай-ақ кейбір қызметкерлер үшін психиатриялық тексеру тәртібі өзгереді және кәмелетке толмағандар үшін жүк көтеруге қатысты жаңартылған нормалар енгізіледі.


