Қырғызстанда блогер ЖИ-мен жасаған президент суреті үшін айыппұл арқалады

Фото: freepik.com
Бішкектік блогер желіде қырғыз президенті Садыр Жапаровпен бірге түскендей болып, ЖИ арқылы жасалған суретті жариялағаны үшін айыппұл төледі, деп хабарлайды nofake.kz/.
Мұндай сурет әлеуметтік желіде кеңінен тарағаннан кейін, аталған іске Бішкек қалалық ІІБ араласты.

Осылайша суреттегі қыздың блогер Акуме екені анықталып, ол Октябрь аудандық сотына жеткізілді. Сот оны 5 500 сом (32 мың теңгеден астам) көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеді.
Қырғызстандық адвокат Шердор Абдыкапаров сот шешімімен келіспейтінін мәлімдеді. Оның пікірінше, бұл жағдайдың салдары бұдан да ауыр болуы мүмкін еді.
«Сот шешімін гумандық деп санаймын. Мұндай суреттер мазақ ету немесе жала ретінде қабылдануы мүмкін, президенттің бейнесіне нұқсан келтіріп, қоғамды жаңылыстыруы ықтимал», — деді ол.
Жергілікті БАҚ-тың мәліметінше, құқық қорғау органдары жарияланымды заң аясында тексерген. Нәтижесінде іс қосымша санкцияларсыз, айыппұлмен шектелді.
Айта кетейік, Қазақстанда биыл қараша айында мемлекет басшысы Қ. Тоқаев «Жасанды интеллект туралы» Заңға қол қойды. Оған сәйкес, жауапкершілік пен бақылауға алу қағидаты бекітілді. Аталған қағидат бойынша, жасанды интеллект жүйелерін пайдалануға қатысу рөліне қарай меншік иелері, иеленушілер және пайдаланушылар жауапкершілік алады. Меншік иелері мен иеленушілерге тәуекелдерді басқару, қауіпсіздік пен сенімділікті қамтамасыз ету, сондай-ақ жасанды интеллект жүйелерінің жұмыс істеу мәселелері бойынша пайдаланушыларға қолдау көрсету міндеттері жүктеледі.


