NoFake

Қырғызстанда жалған аккаунтпен билікке қарсы жазба жариялаған журналист ұсталды

Фото: МВД КР

Бішкекте Facebook желісіндегі жалған аккаунт арқылы жаппай тәртіпсіздікке шақырған материалдар жариялады деген күдікпен журналист ұсталды. Қазір ол уақытша ұстау изоляторына қамалып, іс бойынша тергеу жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды NoFake.kz.

Бұл туралы Қырғызстанның Ішкі істер министрлігі хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, 2026 жылғы 9 наурызда әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында Facebook желісінде «Даниэль Жоошбаев» атты аккаунт анықталған. Тергеу нұсқасына сәйкес, осы аккаунт арқылы мемлекеттік органдардың қызметін сынайтын, биліктің беделін түсіруге бағытталған және қоғамдық-саяси жағдайды ушықтыруы мүмкін материалдар жарияланған.

Қырғызстан ІІМ-нің хабарлауынша, осы дерек бойынша Бішкек қалалық ІІББ Тергеу қызметі Қырғыз Республикасының Қылмыстық кодексінің 278-бабы («Жаппай тәртіпсіздікке шақыру») бойынша қылмыстық іс қозғаған.

«Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында ІІМ мен ҰҚК қызметкерлері “Даниэль Жоошбаев” атты жалған аккаунттың иесі мен пайдаланушысын анықтап, ұстады», – деп хабарлады Қырғызстан ІІМ.

Ведомствоның мәліметінше, аккаунт иесі жергілікті журналист болып шыққан. 10 наурызда оның тұрғылықты жерінде тінту жүргізілген. ІІМ дерегіне сүйенсек, тінту барысында ұялы телефондар, планшеттер, ноутбуктер, бейнекамера, құжаттар және тергеу үшін маңызды болуы мүмкін өзге де заттар тәркіленген.

2026 жылғы 11 наурызда күдікті Бішкек қалалық ІІББ-нің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта іс бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Оқу үшін