Қырғыз фильміндегі әскери әлімжеттік көрінісі Қазақстанда шын оқиға деп қабылданды

Кадрлер "Баткен" фильмінен
Қазақстандағы әлеуметтік желілерде әскери бөлімде түсірілгендей көрінетін бейнеролик қызу талқыланды. Онда офицерлердің жас сарбаздарды ұрып-соғып жатқан сәттері көрсетілген. Көптеген қолданушы кадрларды шынайы оқиға деп қабылдады.
Алайда тексеру нәтижесінде бұл бейненің Қазақстан армиясына еш қатысы жоқ екені анықталды. Кадрлар Қырғызстанда түсірілген «Баткен» атты көркем фильмнен алынған.
nofake.kz/ тілшісі фильмнің режиссері Медербек Жалиловпен сөйлесті. Ол әлеуметтік желілерде тараған үзінді шынында да фильмнен алынғанын және бұл көрініс қойылым екенін растады.
«Қазақ бауырлар, сіздер көрген сарбаздарды офицерлер соққыға жыққан кадрлар – фильмнен алынған. Біз армиядағы жарғыға қайшы қарым-қатынасты көрсеттік, өйткені ондай мәселе бізде де бар. Сол «ауруды» идеологиялық тұрғыдан жою үшін осы эпизодты түсірдік. Бұл көріністе шынында сарбаздар зардап шегеді. Бірақ одан кейін бөлім командирі офицерлерді шақырып, тәрбиелік әңгіме жүргізеді. Неге болмайтынын, қалай басқа жолмен тәрбиелеуге болатынын түсіндіреді», — деді режиссер.
Жалиловтың айтуынша, бұл бейне алғаш рет Қырғызстанда тарап, оны әскери бөлімдегі шынайы оқиға ретінде көрсеткен. Кейіннен видео Қазақстанға жетіп, көптеген қолданушылар оны да шындық ретінде қабылдаған.
«Алдымен біздің елде тарады, адамдар ашуланып, бізде болып жатыр деп ойлады. Бірақ фильм «Баткен» шығып жатқанын естіген соң, пікірлерде «бұл киноның үзіндісі ғой, уайымдамаңдар» деген сөздер жазылды. Сондықтан бізде онша шу бола қойған жоқ. Кейін бұл үзінді қазақ әлеуметтік желілерінде пайда болды», — деп түсіндірді режиссер.
Сондай-ақ ол фильмнің премьерасы бастапқыда осы жылдың 9 қазанына жоспарланғанын, бірақ белгілі себептерге байланысты кейінге шегерілгенін айтты.


