QR-код арқылы ақша жымқыру: жаңа схема қалай жұмыс істейді

Фото: NoFake.kz
Кафеде мәзір ашу, тұрақ ақысын төлеу немесе сәлемдемені тексеру үшін QR-код сканерлеу үйреншікті іске айналды. Fingramota.kz қоғамдық орындарда QR-кодты ауыстыру арқылы жасалатын алаяқтық схемасының қалай жұмыс істейтінін түсіндірді, деп хабарлайды NoFake.kz.
QR-код арқылы алаяқтық қалай жасалады?
Мамандардың айтуынша, алаяқтар банк жүйесін бұзбай-ақ, әлдеқайда оңай жолды таңдаған. Олар кафе үстелдеріндегі, көшедегі терминалдардағы немесе хабарландырулардағы ресми QR-кодтардың үстіне өздерінің жалған кодтарын жапсырып кетеді.
Азамат кодты сканерлегенде ресми сайтқа емес, соған ұқсатып жасалған жалған парақшаға өтеді. Дизайны, логотипі, түсі — бәрі түпнұсқаға ұқсас болғандықтан, күдік тудырмайды.
Қызметті пайдалану үшін карта нөмірін, кейде SMS арқылы келген растау кодын енгізу сұралады. Осы сәтте төлем шынайы ұйымға емес, алаяқтардың шотына түседі немесе карта деректері толықтай олардың қолына өтеді.
Нақты жағдайлар
Кафедегі оқиға
Ірі қалалардың бірінде әйел адам мәзірді көру үшін үстелдегі QR-кодты сканерлеген. Төлем жасау барысында SMS-код енгізгеннен кейін, шамамен 20 минуттан соң оның шотынан 180 мың теңге шешілген. Кейін белгілі болғандай, ресми кодтың үстіне жұқа мөлдір пленкамен жалған код жапсырылған.
Көлік тұрағындағы жағдай
Азаматтардың бірі тұрақ ақысын төлеу үшін терминалдағы QR-кодты пайдаланған. Ашылған сайт сырт көзге ресми парақшаға ұқсас болғанымен, домен атауында бір әріп қате жазылған. 500 теңге төлеген соң, біраз уақыттан кейін картасынан ірі сома алынғаны анықталған.
Сәлемдеме туралы хабарлама
Кейбір тұрғындардың есігіне «Сәлемдемеңізді ала алмадық» деген мазмұнда хабарлама қалдырылып, QR-код арқылы қосымша ақпарат алуға шақырылады. Кодты сканерлегенде «курьерлік қызметтің» жалған сайты ашылып, 1200 теңге төлеу ұсынылады. Шағын сома күдік тудырмағанымен, енгізілген карта деректері арқылы алаяқтар кейін шетелдік сайттардан сатып алулар жасаған.
Сарапшылардың айтуынша, QR-кодтың өзін көзбен тексеру мүмкін емес. Азаматтар код орналасқан жерге сенеді — кафе үстеліне, терминалға немесе ресми көрінетін хабарламаға. Алаяқтар дәл осы сенім мен асығыстықты пайдаланады.
Қалай қорғануға болады?
Егер күдікті QR-кодты сканерлеп қойсаңыз немесе картаңыздан белгісіз төлем байқасаңыз:
- дереу банкке хабарласып, картаны бұғаттаңыз;
- интернет-банкинг құпиясөзін ауыстырыңыз;
- қос факторлы аутентификацияны қосыңыз;
- сайттың домен атауын мұқият тексеріңіз;
- күмән тудырған жағдайда төлемді тоқтатыңыз.
Мамандар азаматтарды қоғамдық орындардағы QR-кодтарды пайдаланғанда барынша мұқият болуға шақырады.


