Қосшыдағы бала өлімі: Жедел жәрдем жұмысын облыстық басқарма түсіндірді

Фото: Baq.kz
Ақмола облысының облыстық денсаулық сақтау басқармасы Қосшы қаласында түскен шақыртуға жедел жәрдемнің екі бригадасы ұзақ уақыттан кейін барды деген ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды nofake.kz/.
«2026 жылғы 29 қаңтар күні Қосшы қаласында сағат 16:18-де №152 жедел медициналық жәрдем қызметіне «бас ауруы, жүрек айну» шағымымен шақырту түсті. Өтініш берушінің айтуынша, жарақат болмаған, дене қызуы көтерілмеген, тырысулар байқалмаған. Өмірге тікелей қауіп белгілері болмағандықтан, шақырту 4-санаттағы жеделдікке жатқызылды. Шақырту сағат 16:34-те қабылданып, сол уақытта мобильді бригадаға берілді, 16:35-те жолға шығып, 16:37-де оқиға орнына жетті. Кейін науқастың жағдайы нашарлағаны туралы қайта қоңырау түсті, соған байланысты шақырту 2-санатқа қайта рәсімделіп, №4 бригадаға берілді»,-деді басқарманың баспасөз қызметі.
Басқарма мәліметінше, бала бұған дейін демікпемен ауырған және оған барлық қажетті көмек уақытылы көрсетілген.
«Анасының айтуынша, бала бронхиалды демікпемен ауырған. Бригада келген кезде баланы анасы мен әпкесі жедел жәрдем көлігіне қолмен алып келген. Осыған байланысты бригада тарапынан шұғыл реанимациялық іс-шаралар дереу жүргізілді. нәтижесінде қойылған диагноз: Ждел жәрдем бригадасы келгенге дейінгі биологиялық өлім. Өлім себебі – белгісіз»,-деді Ақмола облыстық денсаулық басқармасы.
Айта кетейік, 29 қаңтар күні Қосшы қаласында қоғамдық мәдени-спорт кешенінде өткен сабақ кезінде 10 жастағы қыз бала көз жұмды. Қыз баланың өліміне қатысты тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.


