«Қорқыт ата» әуежайының табысы аз екені рас па: облыс әкімі түсіндірді

Фото: primeminister.kz
Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қаладағы «Қорқыт ата» әуежайының табысы аз екенін растады, деп хабарлайды nofake.kz/.
Облыс әкімі Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифингте БАҚ өкілдеріне әуежай табысының не себепті төмен екенін түсіндірді.
«Әуежай 2024 жылдың 12 қарашасында іске қосылды. Оған мемлекеттен ешқандай субсидия берілмейді. Әрине табысы аз, өйткені бізде сұранысқа қарай рейстер аз. Қазіргі таңда негізінен Алматы, Астана қалаларына рейстер қатынайды. Аптасына 29 рейстей. Жаз айларына Стамбул мен Антальяға рейстер аштық. Бірақ ол мамыр айынан қыркүйек айына дейін ғана қатынайды», — деп түсіндірді облыс әкімі.
Өңір басшысы сонымен бірге әуежайдан қатынайтын бірқатар рейстердің жабылып қалғанын мәлімдеді.
«Біз негізінен Шымкенттің «Южное небо» компаниясымен бірігіп, Шымкент, Ақтөбе, Орал қалаларына да рейстер ашқанбыз. Бірақ сұраныс жоқ. Адам жоғына байланысты ол рейстер тоқтатылды. Аэропорттың мүмкіндігі бар, жылына 2 млн жолаушыға дейін қабылдап, қызмет көрсете алады. Бірақ оның барлығы сұранысқа байланысты. Қазіргі таңда жаңа айтқанымдай Алматы мен Астана қалаларына сұраныс бар, күніне 3 рейс, бірақ басқа қалаларға өкінішке орай сұраныс аздау болып тұр. Қазір әуежайдың ешкімге қарызы жоқ, өз-өзін ақтап отыр. Айына 5 млн теңге болса да, аз ғана болса да пайда табады. Біз оған мемлекеттен ешқандай субсидия беріп жатқан жоқпыз», — деді облыс әкімі.
Еске сала кетейік, Қызылорда облысының әкімі бұған дейін өңірдегі уран өндіретін екі аудандағы радиация мөлшері туралы айтқан еді.


