NoFake

ҚМА атынан жасалатын дипфейк пен жалған сайттар схемасы қалай жұмыс істейді

Фото: pexels.com

Қаржылық мониторинг агенттігі интернет кеңістігінде таралып жатқан жаңа алаяқтық схемалар туралы азаматтарға ескерту жасады, деп хабарлайды NoFake.kz.

Алаяқтар ведомство атын пайдаланып, дипфейк видеолар мен жалған сайттар арқылы тұрғындардың жеке деректері мен қаражатын иемденуге тырысуда.

Агенттік мәліметінше, әлеуметтік желілерде ресми өкілдің бейнесі қолданылған жалған видеолар таралуда. Онда өзін «инвестор» ретінде таныстырған адамның ойдан шығарылған табыс тарихы көрсетіліп, пайдаланушылар инвестиция салуға шақырылады.

Схема бойынша, қаражат салғаннан кейін пайда өсіп жатқандай көрсетіледі, алайда ақшаны шығару үшін түрлі комиссиялар, салықтар мен қосымша төлемдер талап етіледі. Бірнеше аударымнан кейін де қаражатқа қол жеткізу бұғатталады.

Сонымен қатар алаяқтар «қаражатты қайтарып береміз» деген сылтаумен жалған сайттар жасап, пайдаланушылардан сауалнама толтыруды және жеке мәліметтерін енгізуді сұрайды.

«Агенттік атынан таралып жатқан бейнематериалдар мен сайттардың басым бөлігі — алаяқтардың әрекеті. Азаматтарды күмәнді сілтемелерге өтпеуге және жеке деректерін бөгде ресурстарға енгізбеуге шақырамыз», — деп мәлімдеді агенттіктің баспасөз қызметі.

Ведомство тұрғындарға ақпараттың шынайылығын тек ресми дереккөздер арқылы тексеруді және күмәнді жағдайларда Қаржылық мониторинг агенттігіне немесе өңірлік Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жүгінуді ұсынды.

Оқу үшін