NoFake

Қазпошта Таяу Шығыс елдеріне жөнелтімдерді уақытша тоқтатты

Фото: Qazpost

Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты бірқатар елдерге халықаралық пошта жөнелтілімдерін қабылдау уақытша тоқтатылды. Бұл туралы «Қазпошта» мәлімдеді, деп хабарлайды NoFake.kz.

«Таяу Шығыстағы жағдайдың күрделенуіне байланысты Иран, Ирак, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Қатар, Иордания және Израильдің пошта операторлары халықаралық авиапошта жөнелтілімдерін қабылдау мен өңдеуді уақытша тоқтату туралы хабарлады. Осыған байланысты аталған елдерге бағытталған барлық пошта жөнелтілімдерін қабылдау арнайы өкім шыққанға дейін уақытша тоқтатылды», – деп хабарлады Қазпошта.

Компания клиенттерден жөнелтілімдерді рәсімдеу кезінде бұл ақпаратты ескеруді сұрады. Қабылдау қайта басталғаны туралы қосымша хабарланатыны айтылды.

Айта кетейік, соңғы күндері Таяу Шығыста қауіпсіздік жағдайы күрт шиеленісті. Аймақта Израиль мен Иран, АҚШ арасындағы әскери қақтығыс ушығып, бірқатар елдерде әуе кеңістігі ішінара жабылып, халықаралық әуе рейстері шектеле бастады. Қауіпсіздікке байланысты кейбір мемлекеттер авиақатынас пен халықаралық тасымалдарға уақытша шектеулер енгізіп жатыр. Осы жағдай халықаралық пошта және жүк жеткізу бағыттарының жұмысына да әсер етті.

Оқу үшін