NoFake

«ҚазАвтоЖол» Sapar қосымшасында ақау барын растамады

Снимок экрана 2025 12 15

Фото: "Қазақстан теміржол" АҚ

Әлеуметтік желілер мен пікірлерде қазақстандық жүргізушілер Sapar мобильді қосымшасының жұмысына шағымданып, онда ақаулар барын және жолдардың қазіргі жағдайы туралы ақпарат толық көрсетілмейтінін жазып жүр. Алайда «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ бұл мәлімдемелерді растаған жоқ, деп хабарлайды nofake.kz/.

Sapar қосымшасы автокөлік жүргізушілерін жолдардың жай-күйі, трассалардың жабылуы мен ашылуы, айналма бағыттар, жөндеу жұмыстары және ауа райы жағдайы туралы ақпаратпен қамтамасыз етуге арналған. Пайдаланушылар пікірлерінде сервистің кейбір функциялары қолжетімсіз екенін, ал қосымшаның кейде қатып қалып, мүлде жұмыс істемей қалатынын жазған.

Ұлттық компанияда хабарлауынша, ақпараттандыру сервистері тұрақты режимде жұмыс істеп тұр және бірнеше арна арқылы қолжетімді.

«Жол компаниясы ретінде біз тек автожолдарды күтіп ұстаумен ғана емес, пайдаланушыларды ақпараттандырумен де айналысамыз. Жүргізушілер мәліметті біздің ресми арналар арқылы алады — qaj.kz сайты, qazavtojol Telegram-арнасы, 1403 байланыс орталығы және Sapar мобильді қосымшасы. Сонымен қатар кейбір қолданушылар үшінші тараптың, соның ішінде шетелдік навигациялық сервистерін пайдаланады, олардың жұмысына біз жауап бермейміз. Sapar қосымшасы штаттық режимде жұмыс істейді және қай жолдардың ашық, қайсысының уақытша жабық екенін көруге мүмкіндік береді», — деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ресми өкілі Сәкен Ділдахмет.

Ол сондай-ақ жүргізушілерге ыңғайлы болу үшін былтыр kaztoll.kz порталы іске қосылғанын атап өтті. Бұл портал ел аумағындағы автожолдардың жағдайын онлайн режимде бақылауға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда негізгі бағыттарда шамамен 80 бейнебақылау камерасы жұмыс істеп тұр, олардың көмегімен жүргізушілер жол ахуалын және ауа райы жағдайын нақты уақытта бағалай алады.

Бұдан бөлек, биыл ұлттық оператор «Яндекс.Карталар», 2GIS және InDrive навигациялық сервистерімен ынтымақтастықты бастаған. Бұл платформалар да та жолдардың жабылуы туралы ақпарат беріп, шектеулер енгізілген жағдайда балама бағыттарды таңдауға көмектеседі.

Оқу үшін