Қазақстанның қай өңірлеріне су басу қаупі төніп тұр: Бозымбаев жауабы

Фото: freepik.com
Бүгін Мәжіліс пен Сенаттың бірлескен отырысынан кейін өткен брифингте Үкімет басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев өңірлерді су басу қаупі туралы деректермен бөлісті, деп хабарлайды Nofake.kz.
Премьер-министр орынбасары Қанат Бозымбаевтың айтуынша еліміздің бірнеше өңірінде су басу қаупі жоғары болып тұр.
«Бес өңірді су басу қаупі бар. Олар Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Абай облысы. Мен төрт облысты аралып шықтым. Ең үлкен қауіп 30-дан астам елдімекенге төніп тұр. Облыстар бойынша ең үлкен қауіп Ақмола және Абай облыстарында болып отыр», — деді премьер орынбасары.
Сондай-ақ, Қанат Бозымбаев өңірлердің су тасқыны қаупіне дайындық барысы туралы атап өтті.
«Қазірдің өзінде су тасқынының алдын алу жұмыстарының 92 пайызы орындалды. 8 пайыздай ғана қалды. Бұл жұмысқа Қазақстан бойынша 39 мың маман мен 12 мың бірлік техника жұмылдырылады деп күтіліп отыр. Сондай-ақ судан сақтайтын қапшықтар да дайын», — деді ол.
Айта кетейік, бүгін Үкіметте қос палатаның бірлескен отырысында Алатау қаласына арнаулы мәртебе беру мәселесі қаралды.

