NoFake

Қазақстанның Газа секторына әскер жіберетіні рас па: түсіндіреміз

Фото: Aqorda

Әлеуметтік желідегі кейбір ресми БАҚ парақшаларында Қазақстан Газа секторына әскер жібереді деген ақпарат тарап жатыр. Бірақ бұл қате таралған ақпарат, деп хабарлайды NoFake.kz.

Скрин әлеуметтік желілерден

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Газа секторындағы ахуалды тұрақтандыру және аймақты қалпына келтіру жұмыстарына Қазақстанның қатысуға дайын екенін мәлімдеді. Алайда сөз тікелей әскери контингент жіберу туралы емес.

Скрин Aqorda_resmi

Ақорданың ресми парақшасы таратқан ақпаратта Мемлекет басшысы Қазақстанның халықаралық компанияларды тарта отырып, инфрақұрылымды қалпына келтіру, тұрғын үйлер, мектептер, ауруханалар салу бағытында қатысуға ниетті екенін айтты. Сонымен қатар еліміз гуманитарлық көмек көрсетуге, палестиналық студенттерге 5 жыл ішінде 500-ден астам грант бөлуге, электрондық үкімет тәжірибесімен бөлісуге дайын екенін жеткізді.

Қауіпсіздік мәселесіне қатысты Қазақстан халықаралық тұрақтандыру күштерін қолдауға әзір екенін білдірді. Бұл аясында далалық госпиталь құру үшін медицина мамандарын жіберу және Азаматтық-әскери үйлестіру орталығына бақылаушылар жолдау мүмкіндігі айтылды.

Яғни қазіргі мәлімдемелерде Газа секторына Қазақстан армиясының әскери бөлімдерін жіберу туралы нақты шешім немесе ресми ақпарат жоқ.

Қазақстан Газа секторына әскер жіберетінін жариялаған жоқ. Әңгіме гуманитарлық, инфрақұрылымдық және халықаралық тұрақтандыру миссияларын қолдау туралы болып отыр.

Еске салайық, Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трамптың шақыруымен Вашингтон қаласына барды.Сапар аясында Мемлекет басшысы бірқатар шетел мемлекеттерінің көшбасшыларымен, сондай-ақ АҚШ-тың ресми тұлғаларымен кездесулер өткізеді.

Оқу үшін