Қазақстандық ғалымдар ғарышты қоқыстан тазартатыны рас па

Фото: Freepik.com
Әлеуметтік желіде отандық ғалымдар ғарышты қоқыстан тазартатыны туралы ақпарат тарады. Nofake.kz әлеуметтік желіде көпшіліктің қызу талқысына түскен бұл жаңалықтың қаншалықты рас екенін анықтап көрді.

Белгілі болғандай, жоба авторы Назарбаев университетінің ғалымы Дмитрий Сизов болып шықты. Сондай-ақ, оның Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан қолдау тапқаны анықталды.
«Қазақстанда Назарбаев Университеті базасында «Аэродинамикалық тежегішпен жабдықталған наносеріктің тростық сүйреу арқылы ғарыш қоқысын орбитадан шығару жөніндегі эксперименттің математикалық негіздемесі» атты ғылыми жоба жүзеге асырылуда. Жоба Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі грантымен қолдау тапқан. Оның ғылыми жетекшісі — техника ғылымдарының кандидаты, доцент, Назарбаев Университеті механикалық және аэроғарыштық инженерия кафедрасының нұсқаушысы Дмитрий Сизов», — деді университет мамандары.
Университет өкілдері ғылыми топ құрамына қазақстандық ғалымдар мен Назарбаев Университеті студенттерінен бөлек, халықаралық ынтымақтастық аясында ғарыш жүйелерінің динамикасы, соның ішінде ғарыш қоқысын жою жүйелері бойынша танымал мамандар профессор Владимир Асланов және доцент Александр Ледков кіргенін атап өтті.
«Ғарыш қоқысын тазалау әдісінің негізгі идеясы – орбитадағы жарамсыз бөлшектерді тазарту жеделдету үшін, аэродинамикалық тежеу мен ғарыштық тросты пайдалану болып отыр. Жоспар бойынша, тазалағыш ғарыш аппараты ірі ғарыш қоқысына жақындап, оны тросқа бекітілген тор арқылы ұстап алады. Одан кейін атмосфера кедергісін пайдалана отырып, орбитадан түсу үшін арнайы желкенді (парус) ашады», — деп түсіндірді ғалым өз жобасы туралы.
Зерттеушінің сөзінше, бұл өте күрделі процесс. Сол себепті ғалымдар алдымен ғарыштық инженерияда жиі қолданылатын тәсіл бойынша, салыстырмалы түрде арзан демонстрациялық миссияны (ред. тәсіл) пайдаланып көреді.
«Бұл тәсіл бойынша троспен байланысқан, екі шағын CubeSa форматындағы ғарыш серіктері пайдаланылады. Олардың бірі тазалаушы аппарат рөлін атқарса, екіншісі ғарыш қоқысы болады», — деді мамандар.
Университет ғалымдары, сондай-ақ жобаның мақсаты — мұндай тазалау схемасының жүзеге асу мүмкіндігін математикалық тұрғыдан негіздеу екенін атап өтті.
«Қазір біз осы тақырыпта екі ғылыми мақала дайындадық, онда тростық жүйені орналастырудың түрлі сценарийлерді ұсынып, орбитадағы қозғалысты модельдедік. Бұл ең сенімді әрі тиімді сценарийді таңдауға мүмкіндік береді», — дейді ғалым.
Сонымен бірге, ғалым жоба Қазақстанның ғарыш қоқысын тазалау жүйесін теориялық тұрғыдан әзірлеу бойынша әлемдік орталықтардың бірі ретіндегі беделін қалыптастыруды көздейтінін жеткізді.
«Демонстрациялық миссияның толық математикалық негіздемесі аяқталғаннан кейін, ғарыш компаниялары немесе мемлекеттік бағдарламалар тарапынан қызығушылық болса, оны бірнеше жыл ішінде іске қосуға болады. Жалпы әлемде ғарыш қоқысын тазалауға бағытталған көптеген жобалар бар. Алайда олардың бірде-бірі әлі ғарышты қоқыстан тазартқан емес. Жобалардың басым бөлігі эксперимент кезеңінде тұр, дегенмен негізгі технологияларды сынауға бағытталған бірнеше демонстрациялық миссиялар болды», — дейді мамандар.
Ғалымдардың айтуынша, ғарыштағы қоқыс қазірдің өзінде Жер маңындағы кеңістікті пайдалануға кедергі келтіріп жатыр. Олар адамзат орбитадағы ірі бөлшектерді тиімді әрі арзан жоюды қолға алса, бұл адамдарға навигациялық, климаттық және байланыс спутниктерінің жұмысын қолдауға, сонымен қатар болашақ ұрпақ үшін ғарышқа қолжетімділікті сақтауға мүмкіндік беретінін айтады.


