Ауыл шаруашылығы саласында кімдердің зейнет жасы төмендеуі мүмкін

Фото: Freepik.com
Әлеуметтік желілерде «Қазақстанда шопандардың зейнет жасы жақын уақытта төмендейді» деген ақпарат тарады, кейбір пайдаланушы бұл өзгеріс биыл күшіне енеді, механизатор және ауылдағы басқа мамандықтар да жеңілдікке ие болады деп жазып жатыр.
Мәселенің мән-жайын білу үшін nofake.kz/ Ауыл шаруашылығы министрлігіне хабарласты.

«Министрлік малшылардың зейнет жасын төмендету мәселесі қарастырылып жатыр. Әзірге бастаманың нақты қай уақытта іске асырылатынын айту ерте. Қазір тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр», — деді ведомство өкілдері.
Ресми деректерге сүйенсек, шопандардың зейнет жасын нақты қай жылдан бастап төмендететіні әлі белгісіз. Жобаның нақты мерзім, іске қосылатын уақыт немесе өзгеріс кімдерге қатысы бар туралы ақпарат бекітілмеген. Яғни әлеуметтік желілерде тараған «жақын арада күшіне енеді» немесе «ауыл шаруашылығы мамандарының барлығына қатысты болады» деген мәлімет ресми түрде расталмаған.
Бұған дейін Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Президенттің тапсырмасы бойынша малшылардың зейнет жасын төмендету бастамасы әзірленіп жатқанын айтқан. Оның сөзінше, бұл шара 2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын қолдау мен дамытудың кешенді жоспарына енгізіледі. Сонымен қатар ол ауылдық жерлердегі жұмысшыларға әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылып жатқанын да мәлімдеген. Ұсыныстар қатарында малшылардың балаларын жоғары оқу орындарында тегін оқыту және оларды әскери қызметтен босату мәселелері бар.


