Қазақстанда салық декларацияларының қай түрі толық өшіріледі

Фото: depositphotos
2026 жылғы 6 сәуірден бастап Қазақстанда бірқатар салық есептілігінің нысандары толық қолданыстан шығарылады, деп хабарлайды NoFake.kz.
Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарлауынша, бұл өзгеріс салық жүйесінің жаңартылуына және ескі цифрлық сервистердің жабылуына байланысты.
Мекеме мәліметінше, «Салық есептілігін өңдеу сервистері» ақпараттық жүйесі мен Салық төлеушінің ескі кабинеті толық өшіріледі. Осыған байланысты бірқатар салық есептілігінің нысандары да енді қолданылмайды.
Атап айтқанда, 6 сәуірден бастап келесі нысандар жойылады:
— жеке тұлғаның активтері мен міндеттемелері туралы декларация;
— жеке тұлғаның кірістері мен мүлкі туралы декларация;
— патент құнының есебі.
Комитет азаматтарға салық қызметтерін пайдалану үшін жаңартылған жүйеге өтуді ұсынады. Енді барлық қызметтер Салық төлеушінің жаңа кабинеті арқылы қолжетімді болады. Оған https://knp.kgd.gov.kz сілтемесі арқылы кіруге болады. Қандай да бір сұрақтар туындаған жағдайда пайдаланушылар knpsd@ecc.kz электронды поштасы арқылы қолдау қызметіне жүгіне алады.
Айта кетейік, салық есептілігінің нысандары мен оларды толтыру тәртібі Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 12 қарашадағы №695 бұйрығымен бекітілген.


