«Roblox-тан Telegram каналға»: Депутат балаларды алдау схемасын айтты

Коллаж: nofake.kz/
Бүгін, Мәжіліс отырысында Amanat фракциясының депутаты Үнзила Шапақ Roblox ойын платформасының балалар психикасына кері әсері болуы мүмкін екенін айтып, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевке балалардың онлайн ойын платформаларын пайдалануын шектеуді ұсынды, деп хабарлайды nofake.kz/.
Депутаттың айтуынша, 2025 жылғы ашық дереккөздерге сәйкес, Roblox платформасына кіретін күнделікті белсенді қолданушылар саны 150 миллионға жуық. Пайдаланушылардың басым бөлігін кәмелетке толмаған балалар мен жасөспірімдер құрайды.
«Roblox сияқты ашық онлайн-платформаларда кәмелетке толмаған балаларға қатысты қылмыстық ниеті бар тұлғалардың, соның ішінде педофилдер мен алаяқтардың белсенді әрекет ететіні туралы деректер бар. Олардың тактикалары қарапайым, алайда хирургиялық дәлдікпен жасалатындай. Алдымен ойындағы виртуалды чат арқылы баланың сеніміне кіріп, кейіннен Roblox-тан Телеграмға көшіп, құпия кездесуге шақырады және аяғы қайғылы оқиғамен аяқталуы мүмкін. Ал алаяқтар дәл осылай баланың сеніміне кіріп, оған сыйлық беруге уәде беріп, ата-анасының картасының номерін және СМС-кодты сұрайды. Бала сеніп айтқандарын орындайды, нәтижесінде картадан ақша шешіліп алынады. Әрине, компания «балаларға ең қауіпсіз орта жасаймыз» деп жар салудан жалығар емес. Бірақ секундына 50 мыңнан астам хабар ағылып жатқан ортаны толық бақылау мүмкін емес», — деді депутат.
Депутат ойын палтформасына қатысты бұл мәселе қоғамның, ата-аналардың және балалардың қауіпсіздігі тұрғысынан аса маңызды екенін ескертті.
Бүгінгі таңда Roblox платформасының балалар қауіпсіздігіне, психологиялық дамуына және контенттің бақылаусыздығына байланысты — Түркия, Катар, Ресей, Қытай, Иран, Солтүстік Корея және басқа да мемлекеттерде аталған платформа бұғатталды.
Айта кетейік, 2025 жылдың 18 желтоқсанында Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетовтің берген жауабында: «Біз Roblox-ты блоктау немесе шектеу мәселесін қарастырмаймыз» деп айтқан.


