NoFake

Қазақстанда крипто арқылы миллиондаған доллар заңдастырылған – Қаржылық мониторинг агенттігі әшкереледі

Иллюстрация: Freepik

Қазақстанның Қаржылық мониторинг агенттігі интернет-алаяқтық пен есірткі саудасынан түскен табысты заңдастыру үшін пайдаланылған «130 көлеңкелі криптоайырбастау платформасының қызметі тоқтатылғанын» хабарлады. Тергеу барысында 16,7 миллион АҚШ доллары тәркіленді, деп хабарлайды nofake.kz/.

ҚМА мәліметінше,  «наркошоп» иелері мен киберқылмыскерлер алған қаражатты  банктік шоттарға ұлттық валютада немесе заңсыз айырбастаушылардың әмияндарына криптовалюта түрінде аударады.

«Одан әрі бұл қаражат айырбасталып, оның шығу тегін жасыру үшін бірқатар транзакциялар орындалады. Қылмыстық жолмен келген табысты заңдастыру қызметі үшін айырбастаушы тарап комиссиялық сыйақы алады», — делінген агенттік хабарламасында.

Сондай-ақ агенттік операцияларды жүргізу үшін көбіне жалған тұлғалардың (дропперлердің) банк карталары мен электронды әмияндары пайдаланылатынын нақтылап өтті.

«Заңсыз айырбастау сервистері көлеңкелі қаржы инфрақұрылымының негізгі буынына айналып отыр. Олар «кәсіби ақшаны заңдастырушылар» ретінде әрекет етіп, қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру мен шетелге шығарып жіберуді қамтамасыз етеді», — деп атап өтті мемлекеттік орган.

Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарды цифрлық активтерді айырбастау сервистерін таңдауға жауапкершілікпен қарауға және тек заңмен реттелетін, лицензиясы бар ресми тіркелген провайдерлердің қызметіне жүгінуге шақырды. Лицензиясы бар криптобиржалардың өзекті тізімі АХҚО сайтында қолжетімді.

Оқу үшін