Қазақстанда интернет-алаяқтыққа қарсы тегін киберқауіпсіздік сервистері қосылды

Фото: Gov.kz
Қазақстанда азаматтардың цифрлық қауіпсіздігін күшейту мақсатында CITIZENSEC.KZ және NOMADGUARD.KZ тегін онлайн-порталдары іске қосылды. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды nofake.kz/.
«Аталған платформалар халықтың киберсауаттылығын арттыруға, интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимылға және балалар мен ата-аналарды интернетті қауіпсіз пайдалануға үйретуге бағытталған. Бұл — азаматтардың жеке деректерін қорғауға арналған жүйелі қадам», — деп хабарлады министрлік.
Министрліктің мәліметінше, 2024 жылдан бері порталдарға 1 миллионнан астам пайдаланушы кіріп, 71 мыңнан астам адам оқыту курстарын толық аяқтаған. Сонымен қатар CITIZENSEC.KZ платформасында мемлекеттік қызметшілерге арналған арнайы оқыту жүргізіледі. Бүгінгі таңда курстарды 5 мың тыңдаушы сәтті тәмамдаған.
Ал NOMADGUARD.KZ порталы азаматтарға жеке деректердің таралу фактісін анықтауға, күмәнді сілтемелер мен сайттарды фишинг және өзге де киберқауіптерге тексеруге мүмкіндік береді. Портал іске қосылған сәттен бері мұнда 608 мың азамат тіркеліп, 6 мыңнан астам сілтеме қауіпсіздікке тексерілген.
Министрлік сондай-ақ халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру және кибергигиена мәдениетін қалыптастыру мақсатында ақпараттық материалдар мен визуалды баннерлерді сыртқы цифрлық экрандар мен билбордтарда орналастыру мүмкіндігі қарастырылып жатқанын хабарлады. Мұндай әлеуметтік жарнама көпшілік жиналатын орындарда азаматтарды кеңінен ақпараттандыруға және жеке деректерді қорғау бойынша алдын алу шараларын күшейтуге бағытталмақ.
Сонымен қатар жақында eGov Mobile мобильді қосымшасында CITIZENSEC.KZ порталының кибергигиена бойынша курстары, сондай-ақ цифрлық қауіпсіздікке арналған негізгі материалдар мен практикалық ұсынымдар жинақталған тақырыптық журнал қолжетімді болған.


