Қазақстанда банк карталарын қорғау ЖСН, бейнежазба және биометрия арқылы күшейтіледі

nofake.kz/
Қазақстанда қаржылық операциялардың ашықтығы мен қауіпсіздігін арттыру мақсатында жаңа шаралар енгізіледі. Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Қайрат Бижанов Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды nofake.kz/.
Бижановтың айтуынша, жаңа ережелер азаматтарды алаяқтықтан қорғауға бағытталған.
«Картаға 500 мың теңгеден жоғары сома түскен жағдайда жіберушінің ЖСН-ін (жеке сәйкестендіру нөмірін) міндетті түрде көрсету талабы енгізіледі. Сонымен қатар операцияны мобильді қосымша немесе SMS арқылы растау мүмкіндігі қарастырылып жатыр», — деді ол.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап банктер банкоматтағы бейнекамера жазбаларын кемінде 180 күн сақтауға міндетті болады. Бұл күдікті транзакцияларға қатысы бар тұлғаларды жедел анықтауға мүмкіндік береді.
«Сондай-ақ клиенттерді биометриялық сәйкестендіру жүйесін енгізу жоспарланып отыр — яғни, операция кезінде бет әлпетін немесе саусақ ізін тану әдісі қолданылмақ. Бұл шаралар анонимді аударымдардың жолын кесіп, банк жүйесін көлеңкелі мақсатта пайдаланудың қаупін азайтады», — деп толықтырды агенттік төрағасының орынбасары.
Бұған дейін Қаржы мониторингі агенттігі онлайн-казино жарнамалаған блогерлерді қылмыстық жауапкершілікке тарту бастамасын көтерген болатын.


