Қазақстанда 9 банк жабылады деген ақпарат – жалған

Коллаж: nofake.kz/
Соңғы күндері кейбір Telegram-арналарда «Қазақстанда 9 банк жабылады» деген ақпарат тарады. Автор, тіпті, салымшыларға Депозиттерге кепілдік беру қорынан өтемақыларын тез арада шығарып алуға кеңес берген.

nofake.kz/ редакциясы бұл ақпараттың рас-өтірігін анықтау үшін Қазақстанның Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне хабарласты.
«ҚР Республикасындағы банктердің қызметі жайлы барлық ақпаратты мекеменің ресми сайтынан білуге болады. Ол банктер бірнеше жыл бұрын жабылған, жұмыс істемейді. Қазір елімізде ешқандай банк жабылайын деп жатқан жоқ», — деді агенттіктің ресми өкілі Олжас Рамазанов.
Тексеру нәтижесінде тоғыз банк бұрын жұмысын тоқтатқаны анықталды. Олардың кейбірі, тіпті, 2007 жылы таратылған. Барлық салымшыға өтемақы 2022 жылдың шілдесіне дейін толық төленген.

Қаржы агенттігінің дерегінше, 2025 жылғы 9 қазандағы жағдай бойынша Қазақстанда барлығы 136 банк таратылған, ал қазір екінші деңгейлі 23 банк қалыпты түрде жұмыс істеп тұр.


