Төрт күнде 150 мың SMS: алаяқтар қазақстандықтардың дерегін қалай ұрламақ болды

Фото: Depositphotos
Қазақстанда төрт күн ішінде 150 мыңға жуық фишинг SMS таратқан қылмыстық топ әшкереленді. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, күдіктілер азаматтардың жеке және банк деректерін қолға түсіру үшін арнайы құрылғы пайдаланған.
Тергеу дерегіне сәйкес, биыл қаңтарда Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің бірінің азаматы Қазақстан аумағында заңсыз әрекет ұйымдастыру үшін жергілікті тұрғынды ақшалай сыйақыға тартқан. Кейін схемаға Астанада арнайы жабдықтың жұмысын қамтамасыз еткен басқа адамдар да қосылған.
Күдіктілер SMS-бластер деп аталатын құрылғыны пайдаланған. Ол ұялы байланыстың базалық станциясының жұмысын имитациялап, операторлардың сүзгілеу жүйелерін айналып өтуге және SMS-хабарламаларды жаппай таратуға мүмкіндік береді.
«Төрт күн ішінде Beeline, Kcell және Activ операторларының абоненттеріне белгілі компаниялардың атынан бонустарды айырбастау туралы ұсыныстар жазылған шамамен 150 мың фишинг SMS-хабарлама жіберілген», — деп хабарлады Қаржылық мониторинг агенттігі.
Хабарламадағы сілтемеге өткен азаматтар жалған сайтқа бағытталған. Онда пайдаланушылардан жеке және банк деректерін, соның ішінде төлем картасының деректемелерін, CVV-код пен SMS арқылы келген растау кодын енгізу сұралған.
«Осылайша күдіктілер азаматтардың құпия ақпараты мен банк шоттарындағы қаражатына қол жеткізген», — делінген агенттік хабарламасында.
Тергеу кезінде тәркіленген SMS-бластер жедел-іздестіру іс-шаралары мен жасырын тергеу әрекеттерін жүргізуге арналған арнайы техникалық құрал екені анықталған. Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 399-бабының 2-бөлігі — «Ақпаратты жасырын алуға арналған арнайы техникалық құралдарды заңсыз дайындау, өндіру, сатып алу, өткізу немесе пайдалану» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта төрт күдікті қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр.


