NoFake

Қазақстан нарығын Қытай көлігі жаулап алғаны рас па: сарапшы пікірі

Фото: primeminister.kz

Бүгін Астанада Қазақстан машина жасаушыларының XIII форумында сарапшы Қазақстан нарығын Қытай көлігі жаулап алды деген сауалға қатысты жауап берді, деп хабарлайды Nofake.kz.

Сонымен бірге, форум барысында машина жасау саласының сарапшысы, «Тыныс» АҚ бас директоры Қайрат Қалманбаев редакцияның «Қазақстан нарығын Қытай көліктері басып алғаны рас па және олардың бағасы бізде не себепті Қытайға қарағанда қымбат?» деген сауалына өз пікірін білдірді.

«Біз өз құзыреттерімізді дамытпасақ, онда болашақта мүмкіндік азаяды. Барлығын қазірден бастау керек. Мұнда баға – екінші кезектегі мәселе. Әр мемлекеттің өз өнеркәсібін дамытуда өз мақсаттары болады. Қытайдың бүгінде қаржылық мүмкіндіктері өте жоғары, бағаларды субсидиялап ұстап тұра алады. Егер нақты өзіндік құнға шығатын болсақ, қытайлық машина шын мәнінде қымбатырақ болар еді. Себебі шикізат, металл қатты субсидияланады», — деді ол.

Маманның пікірінше, қытайлық автокөліктердің Қазақстанда көп болуы біздің елге керісінше мол мүмкіндіктер ашады.

«Олардың нарыққа кіруінің өзі, тіпті ең қарапайым жинақтаудан басталса да, белгілі бір құзыреттерді қалыптастырады. Мысалы, сіздің көлігіңіз болса, сіз оны жақсы шеберге жөндетесіз. Ал егер ол шебер мұны үйренбесе, тіпті дөңгелекті де дұрыс орната алмайтын еді. Дәл сол сияқты зауыттардың да құзыреті біртіндеп қалыптасады. Сондықтан бүгінгі күні машина жасау және автомобиль өнеркәсібі саласындағы мемлекеттік саясат, менің ойымша, өте дұрыс бағытта жүргізіліп жатыр. Осындай шараларсыз бізде өндірістік шеберлік дамымайды», — деп түсіндірді ол.

Сарапшының сөзінше қазір аталған мәселені шешу үшін, Үкімет қытайлық көліктерді тек сырттан әкеліп қана қоймай, оларды өз елімізде құрастырып, шығару мүмкіндіктерін қарастырып жатыр.

«Қазір осы мәселені шешу үшін өндірісті жергіліктендіру, отандық кәсіпорындарға преференциялар беру сияқты шаралар қабылданып жатыр. Яғни, елімізде жаңа кәсіпорындар ашылуда. Олар алғашында құрастырудан басталып, кейін толық жергілктендіруге өтеді», — деді ол.

Бұл ретте маман оған айтарлықтай уақыт қажет екендігін атап өтті.

«Мұндай құзырет бір күнде немесе бір жылда қалыптаспайды. Бұл үшін уақыт қажет. Қытай да өз даму жолында осы деңгейге жету үшін шамамен 20 жыл уақыт жұмсады. Олар кезінде ең қарапайым бөлшектерден бастап, біртіндеп толық автомобиль өндірісіне өтті. Сол сияқты бізге де ұзақ жолдан өту керек. Бүгін мемлекет осы бағытта дұрыс шаралар қабылдап жатыр», — деді ол.

Айта кетейік, Қазақстанда 2025 жылы сала өндірісі шамамен 18%-ға өсіп, көлемі 5,7 трлн теңгеден асты. Негізгі өсім автокөлік, теміржол және электротехникалық машина жасау бағыттарына тиесілі.

Оқу үшін