NoFake

«Қазақстан мектептерінде гинекологтар жұмыс істейді» деген ақпарат — жалған

Коллаж: nofake.kz/

Әлеуметтік желілерде мектептерде жасөспірімдердің жүктілігі көбейгендіктен гинеколог мамандар жұмыс істейді деген мәлімет тарады. Бұл ақпарат ата-аналар арасында алаңдаушылық тудырғандықтан nofake.kz/ бұл ақпараттың рас-өтірігін анықтады.

Скриндер БАҚ-тағы материалдардан

Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі бұл бастамаға қатысты  редакцияға ресми түсініктеме берді.

«Қолға алынып жатқан шараларға қарамастан, жыл сайын 14 жасқа толмаған қыздар арасында ерте жүкті болу жағдайлары тіркеледі. Бұл — отбасында балаларға адамгершілік тәрбиесін күшейтуді, сондай-ақ жыныстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша жұмысты арттыру қажеттігін көрсетеді. Осыған байланысты мектептерде жасөспірімдердің репродуктивтік денсаулығына қатысты ақпараттық-түсіндіру, алдын алу және білім беру жұмыстарын күшейту маңызды», — деп хабарлады министрлік.

Ведомствоның мәліметінше, қазір мектептерде гинекологтар жұмыс істемейді.

«Ерте жүктіліктің және жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың алдын алу үшін министрлік балаларды профилактикалық тексеру тәртібіне өзгерістер енгізуді қарастыруда. Бұл өзгерістерге сәйкес, жалпы практика дәрігері (ЖПД) мектеп оқушыларын тексеру кезінде гинекологиялық анамнез жинайды және ерте жүктіліктің белгілерін анықтайды. Егер гинекологиялық проблема немесе жыныстық өмірдің басталғаны анықталса, қыз бала әрі қарай тексеру және қажетті көмек алу үшін акушер-гинекологқа жіберіледі. Яғни, мектептерде гинекологтар емес, тек жалпы практика дәрігерлері жұмыс істейді», — деп түсіндірді министрлік.

Оқу-ағарту министрлігі де бұл мәселеге қатысты пікір білдірді. Ведомство өкілдерінің айтуынша, бұл бастама әлі талқылану кезеңінде, нақты енгізу мерзімі белгіленбеген.

Оқу үшін