NoFake

Қазақстан халқы Ассамблеясы сәуірде референдум өткізеді — фейк

Фото: freepik.com

Желіде Қазақстан халқы Ассамблеясы сәуір айында референдум өткізеді деген ақпарат тарады. Ассамблея аталған ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Nofake.kz.

Әлеуметтік желіде желі қолданушыларының бірі Қазақстан халқы Ассамблеясы 23-24 сәуірде референдум өткізетіні жайлы хабарлағанын мәлімдеген.

«Референдумда Қазақстанның Ресеймен біртұтас мемлекет болу туралы сұрақ көтерілмек, мысалы Беларусь елі солай жасаған. Біртұтас мемлекет деген не? Бұл федеративтік республика, яғни ол Ресейдің құрамына кіреді. Бұл референдумға аса мұқият болыңыздар! Сәуір айында қабылданатын шешімнің талқылау күн тәртібі жарияланады, ал жаз айында екінші референдумда шешім қабылданғаны туралы жарияланады», — делінген хабарламада.

Сондай-ақ, онда қазір Ресей Украинамен ұзаққа созылған соғыста қаржылық және адам ресурстарына мұқтаж екені айтылады.

«Орталық Азия елдерінің Ресейге қосылуы Путиннің соғыс қаржыландыру мен адам ресурстарын мобилизациялау мәселелерін шешуге көмектеседі. Ресейдің құрамына федеративтік республика ретінде кіретін Орталық Азия елдері, оның ішінде Қазақстан, Путинге адам ресурстарын және қаржыландыруды қамтамасыз етеді (Қазақстанда пайдалы қазбаларды өндіретін еуропалық компаниялар, соның ішінде Теңіз Шевройл американдық компаниясы жұмыс істейді, ол елдің бюджетіне салықтардың кемінде 30%-ын төлейді)», — деп жазылған автор жазған постта.

Қазақстан халқы Ассамблеясы аталған жайтқа қатысты пікір білдірді. Ассамблея өкілдері ақпараттың оларға еш қатысы жоқ екенін әрі былтырғы жылдағы ескі жазба екенін атап өтті.

«Бұл — фейк. Ақпарат шындыққа жанаспайды. Автордың Ассамблеяға ешқандай қатысы жоқ.
Жалған ақпарат таратқаны үшін заң алдында жауапкершілік қарастырылған», — делінген хабарламада.

Айта кетейік, Қазақстанда 2026 жылдың 15 наурызында бүкілхалықтық референдум өтеді. Онда Қазақстан халқы Жаңа Конституция жобасына қатысты дауыс береді.

Оқу үшін