«Қауіпсіз шот» туралы жалған ұсыныс: СҚО-да зейнеткер алаяқтарға қалай алдана жаздады

Фото: polisia.kz
Петропавлда такси жүргізушісі зейнеткерді интернет-алаяқтардан құтқарып қалды. Алаяқтар қарияға байланыс операторы ретінде хабарласып, қызмет көрсету шарты аяқталады деп айтып, алдмақ болған, деп хабарлайды Nofake.kz.
73 жастағы зейнеткерге шартты үйден шықпай-ақ ұзартуға болатынын айтқан алаяқ, SMS арқылы келген кодты айтып, телефонмен шарттарға келісетінін растауды сұраған.
«Келесі күні алаяқтар алдаудың екінші кезеңіне көшті. Олар осы әрекеттерден кейін әйелдің атына 5 миллион теңге несие рәсімделгенін айтып, жағдайды түзету үшін депозиттегі барлық жинағын шешіп алып, «қауіпсіз шотқа» аудару қажет екеніне сендірген», — делінген полиция хабарламасында.
Полиция тіпті, алаяқтар зейнеткерді банкке апару үшін таксиді өздері шақырғанын мәлімдеді.
«Көлік тізгінінде отырған жеке кәсіпкер Виктор Тимофеев бір күн бұрын әлеуметтік желілерден интернет-алаяқтықтың алдын алу туралы материалдарды көрген еді. Телефон арқылы біреудің үздіксіз нұсқау беруімен келе жатқан жолаушының алаяқтардың арбауына түскенін ол бірден аңғарған», — делінген хабарламада.
Сонымен бірге, алғашында әйел оның сөзіне құлақ аспағаны белгілі болды.Қылмыскерлер оған біреу тоқтатуға тырысса, сенбеу керектігін, «бәрі бір мафия» екенін айтып, алдын ала ескерткен.
«Банкке келген соң Виктор менеджерге ықтимал алаяқтық туралы хабарлап, «102» нөміріне қоңырау шалды. Оқиға орнына жедел жеткен полицейлер зейнеткерге оның кең таралған алаяқтық схемасының құрбаны бола жаздағанын түсіндірді», — делінген ведомство хабарламасында.
Полиция, осы әрекеттің нәтижесінде зейнеткердің 2 миллион теңгеден астам ақшасы сақталғанын хабарлады.
«Полицейлер ықтимал шығын мұнымен шектелмеуі мүмкін екенін атап өтті. Әдетте алаяқтар адамдарды әртүрлі банктерден несие рәсімдеуге көндіреді. Мұндай жағдайда келтірілетін шығын 20 миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін», — делінген полиция хабарламасында.
Жалпы Солтүстік Қазақстан облысында биылғы тоғыз айда интернет-алаяқтықтың 404 дерегі тіркелген. Былтыр осы кезеңде 589 дерек болған. Полицейлер азаматтарды қырағылық танытуға, бейжай қалмауға және егде жастағы туыстары мен таныстарына алаяқтардың алдау тәсілдерін түсіндіруге шақырады.


