Қарағандыда банк менеджері клиенттердің атына заңсыз несие рәсімдеген

Фото: Depositphotos
Қарағанды облысында 23 жастағы банк менеджері клиенттердің келісімінсіз олардың атына ірі көлемде несие рәсімдеді деген күдікпен ұсталды. Бұл туралы ІІМ хабарлады.
Тергеу мәліметінше, күдікті қызметтік мүмкіндігін пайдаланып, клиенттер сұраған сомадан әлдеқайда көп көлемде несие рәсімдеген. Ал несие алушылар нақты қанша қарыз рәсімделгенін кейін ғана білген.
«Қазіргі уақытта полицияға төрт жәбірленуші жүгінді. Алдын ала есеп бойынша келтірілген материалдық шығынның жалпы көлемі 6,9 миллион теңгеден асады», – деп мәлімдеді ІІМ.
Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабының 2-бөлігі («Алаяқтық») бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Полиция күдіктінің осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеруде.


