Қандай мобильді қосымшалар мен бағдарламалар дербес деректерге қол жеткізе алады

Фото: Depositphotos
Телефондағы кейбір қосымшалар камераға, микрофонға, геолокацияға, контактілерге, тіпті SMS-хабарламаларға қол жеткізе алады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мұндай рұқсаттарды бақылаусыз беру жеке деректердің таралуы мен алаяқтық қаупін арттыратынын ескертті. NoFake.kz смартфондағы қандай рұқсаттарға ерекше мән беру керегін түсіндіреді.
Қосымшалар неге қол жеткізе алады?
Қосымшаның түріне қарай ол:
- геолокацияны — қай жерде жүргеніңізді анықтау үшін;
- камера мен фотогалереяны — фото, видео түсіру немесе сақталған файлдарды пайдалану үшін;
- микрофонды — аудио жазу үшін;
- контактілерді — телефон кітапшасындағы мәліметтерді пайдалану үшін;
- файлдар мен құрылғы жадын — құжаттар мен басқа файлдарды ашу үшін;
- SMS пен қоңырауларды — хабарламаларды, соның ішінде растау кодтарын оқу үшін сұратуы мүмкін.
Бірақ сұралған рұқсат қосымшаның қызметіне сай болуы керек. Мәселен, қарапайым калькуляторға немесе фонарьға контактілеріңізді, SMS-хабарламаларыңызды немесе орналасқан жеріңізді білу көп жағдайда қажет емес.
«Артық рұқсаттар дербес ақпараттың таралып кету, оны заңсыз пайдалану және алаяқтық шабуылдар жасау қаупін арттырады», — деп ескертеді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.
Қай рұқсаттарды тексерген дұрыс?
Геолокация. Қосымшаға орналасқан жеріңіз үнемі қажет болмаса, «Қосымшаны қолдану кезінде» режимін таңдаңыз немесе рұқсатты толығымен өшіріңіз.
Камера мен микрофон. Оларды тек негізгі қызметі үшін шынымен қажет қосымшаларға ашқан дұрыс.
Контактілер мен файлдар. Қосымша телефон кітапшасымен немесе құжаттармен жұмыс істемесе, мұндай рұқсатты шектеуге болады.
SMS. Қосымшаның SMS-хабарламаларыңызға не үшін қол жеткізгісі келетінін тексеріңіз. Себебі хабарламаларда аккаунтқа кіруге немесе операцияны растауға арналған кодтар болуы мүмкін.
Қандай қосымшалар күдік тудыруы керек?
Егер фонарь, ойын немесе қарапайым сервис камера, микрофон, контактілер, SMS пен геолокацияны қатар сұраса, бірден келісе салмаған жөн.
Сондай-ақ әзірлеушісі туралы нақты ақпарат жоқ, ресми емес жерден жүктелген, қалқымалы жарнамасы көп немесе негізгі қызметіне қатысы жоқ құпия деректерді талап ететін қосымшаларға сақ болған дұрыс.
Артық рұқсат несімен қауіпті?
Егер қосымша немесе оны әзірлеушінің жүйесі кибершабуылға ұшыраса, жиналған ақпарат қаскөйлердің қолына түсуі мүмкін. Мұндай деректер фишингтік хабарламаларды нақты бір адамға бейімдеуге, әлеуметтік инженерияға, басқа аккаунттарды бұзуға немесе пайдаланушы туралы егжей-тегжейлі цифрлық профиль жасауға қолданылуы ықтимал.
«Қосымшаға өз жұмысына қажетті мөлшерде ғана рұқсат беріңіз. Рұқсаттарды жүйелі түрде тексеру — дербес деректерді қорғауға және цифрлық қауіпсіздік деңгейін арттыруға көмектесетін қарапайым әдет», — дейді агенттік.
Сондықтан телефондағы қосымшалардың рұқсаттарын ара-тұра қайта қарап, пайдаланбайтын бағдарламаларды өшіріп отырған жөн. Ең қарапайым қағида — қосымшаға белгілі бір дерек оның негізгі қызметі үшін қажет болмаса, оған қолжетімділік бермеу.


