МӘМС Qalqan-ға қосымша қаражат қажет деген ақпаратты жоққа шығарды

Фото:facebook/gulmira.nurmakhanova
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басшысы Гүлмира Сабденбек әлеуметтік желідегі парақшасында Qalqan платформасын жасау үшін қосымша қаражат қажет деген ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды NoFake.kz.
«Қоғамдық ортада Qalqan платформасын жасау үшін қосымша қаражат қажет деп дұрыс емес ақпараттар таралуда. Айтайын, бұл шындыққа сәйкес емес. Qalqan жаңа жүйе ретінде бұрынғы шешімдердің үстіне құрылмайды. Бұл – қазір жұмыс жасап тұрған Қордың цифрлық контурын дамытып, Қаржы министрлігінде қолданылып жүрген заманауи технологиялық платформаға көшу деген сөз. Бұл платформаны таңдау себебі – оның дайын технологиялық шешімдері бар, Қаржы министрлігінің интеграциялық әлеуетін кеңейтеді және жаңа инфрақұрылым жасамай-ақ қажетті функционалдық мүмкіндіктерді жылдам іске асыруға мүмкіндік береді. Маңыздысы, платформаны құру Денсаулық сақтау жүйесіне қосымша шығын әкелмейді», – деп жазды Сабденбек парақшасында.
Айтуынша, Qalqan медициналық ақпараттық жүйе емес және Damumed сияқты МИС сервисін алмастырмайды. Платформа емдеу процесіне араласпайды және дәрігерлерге қосымша жүктеме тудырмайды. Оның мақсаты – қаржылық ағындардың ашықтығын қамтамасыз ету, көрсетілген қызметтерді тексеру және МӘМС қаражаттарының дұрыс пайдаланылуын бақылау.


