Қабанға шабуыл жасаған жолбарыс Үміт пе — Министрлік жауап берді

Скрин видео
Әлеуметтік желілерде жолбарыстың жабайы қабанға шабуыл жасаған видеосы тарады. Қолданушылар кадрлар «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватында түсірілген, ал видеода жақында табиғатқа жіберілген Үміт атты жолбарыс болуы мүмкін деп болжаған.
Видеода жолбарыс қабанды ұстап алуға тырысады. Алайда қабан қарсылық көрсетіп, өзі шабуылға көшкеннен кейін жыртқыш шегініп кетеді.
Алайда Экология және табиғи ресурстар министрлігі видеодағы жолбарыстың Үміт екені туралы болжамды жоққа шығарды.
«Бұл Үміт емес. Бұл — 2024 жылы Нидерландтан Қазақстанға әкелінген Богдана немесе Кума атты жолбарыстардың бірі», — деп хабарлады ведомство.
Үміт 31 шілдеде «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты аумағында жабайы табиғатқа жіберілді. Бұл Қазақстанда жолбарыстар жойылып кеткеннен кейін 70 жылдан астам уақыт өткен соң амур жолбарысын табиғи мекендеу ортасына жіберудің алғашқы оқиғасы болды.
Жолбарысқа спутниктік GPS/GSM қарғыбау тағылған. Резерват мамандары оның жүрген жері мен жағдайын тәулік бойы бақылап отыр.
Әлеуметтік желілерде Үмітке қатысты шындыққа жанаспайтын материалдардың тарауы бірінші рет емес. 5 тамызда Экология министрлігі «Іле-Балқаш» резерватында табиғатқа жіберілген Үміт түсірілген делінген фотоны жоққа шығарған. Ведомство суретте жасанды интеллект технологиялары арқылы генерацияланған болуы мүмкін белгілер бар екенін мәлімдеді.


