Прокуратура, нотариус, риэлторлар мен банктер бірігіп, алаяқтыққа қарсы күреседі

Фото: Nur.kz
Алматы қаласы прокуратурасында өткен шарада интернет және телефон алаяқтарына қарсы күреске бағытталған бес меморандумға қол қойылды.
Жыл басынан бері қалада 6 мыңнан астам алаяқтық дерегі тіркелген. Оның ішінде 1,7 мыңнан астамы интернет арқылы жасалған. Осы ахуалға жауап ретінде прокуратура негізгі серіктес ұйымдармен бірлесе әрекет етуге келісті.
Меморандумға прокуратурамен бірге банктер, нотариаттық палата және жылжымайтын мүлік саласының өкілдері қол қойды. Атап айтқанда, іс-шараға Алматы қаласының прокуроры Серік Кәріпбеков, «Банк ВТБ (Қазақстан)» АҚ басқарма төрағасы Дмитрий Забелло, «Еуразиялық Банк» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Сатиева, «Банк ЦентрКредит» АҚ бірінші вице-президенті Рустам Тенизов, Алматы қалалық Нотариаттық палата төрайымы Қарагөз Қалабаева және «Мир Квартир» ЖШС директоры Алуа Мадышева қатысты.
Қала прокуроры Серік Кәріпбековтің айтуынша, мұндай қылмыстардың алдын алу мемлекет пен бизнестің үйлесімді әрекетін талап етеді. Қол қойылған келісімдер азаматтарды жүйелі қорғауға әрі қоғамда цифрлық сауаттылықты арттыруға бағытталған.


