Жалған инвестициялық ұсыныс: Баян Мақсатқызы атынан дипфейк тарады

Скриншот публикации в соцсетях
Белгілі продюсер Баян Мақсатқызы әлеуметтік желі қолданушыларына алаяқтардың әрекетіне байланысты маңызды ескерту жасады, деп хабарлайды nofake.kz/.
Продюсердің айтуынша, алаяқтар оның видеосын бұрмалап, «жалған» даусын айнытпай қойған. Дипфейкте Баян Мақсатқызы адамдарды «жобаға» қатысуға шақырып, «жақсы табыс табуға мүмкіндік» бар деп сендіреді. Бұл «жоба» сөз жүзінде халықтың өмір сүру жағдайын жақсартуға бағытталғаны айтылғанымен, шын мәнінде — алаяқтық схема.
Продюсер алаяқтарға көп адамның алданып жатқанына алаңдаушылық білдірді.
«Достар, егер «Светлый путь» деген бағдарламаға тап болсаңыздар, сенбеңіздер! Бұл менің дауысым емес, бұл іске мүлде қатысым жоқ», — деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін прокурор Айжан Аймағанова, Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев, әнші Димаш Құдайбергеннің атынан да дипфейк тараған болатын.


