Жалған қоңырау: Павлодар облысында қанша адам жазаланды

Фото: Depositphotos
Жалған қоңырау жедел қызметтің байланыс желісін босатпай, шұғыл көмекке мұқтаж, шынымен қауіп төніп тұрған азаматтарды құтқаруға кедергі келтіреді, деп хабарлайды nofake.kz/.
2025 жылы Павлодар облысында жалған қылмыс ойлап тауып, полиция шақырған 183 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мысалы, Ертіс ауданының тұрғыны түнгі уақытта полицияға қоңырау шалып, пышақ жарақаты салдарынан ауыр қылмыс болды деп хабарлаған.
«Шақырту бойынша оқиға орнына жедел-тергеу тобы мен жедел медициналық жәрдем бригадасы дереу жіберілді. Алайда оқиға орнына келген полицейлер ауыр қылмыс туралы хабардың толықтай ойдан шығарылғанын анықтады», — деп мәлімдеді полиция.
Ауыл тұрғынына қатысты әкімшілік іс қозғалып, айыппұл салынды.
Полицияның мәліметінше, мұндай жалған қоңыраулар жедел қызметтің жұмысын қиындатып, нақты қауіп төнген азаматтарға дер кезінде көмек көрсетуге кедергі келтіреді. Ал шынымен қауіп төнген жағдайда 102 нөміріне хабарласу қажет.


