Алаяқтар 9 айда 67 миллионнан астам қоңырау шалған — депутат

Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі
Күн сайын Қазақстандағы әр азаматқа алаяқтардан орта есеппен 3–4 қоңырау келеді. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асқар Рахымжанов мәлімдеді, деп хабарлайды nofake.kz/.
Оның айтуынша, алаяқтардың белсенділігіне ұялы байланыс операторларының да қатысы бар. Себебі SIM-картаны тіркегенде биометриялық сәйкестендіруден өту міндетті емес, киберқауіпсіздік толық қамтамасыз етілмеген.
Депутаттың қолындағы ресми дерекке сәйкес, полиция соңғы 9 айда алаяқтардан 67 млн-нан астам қоңырау тіркеген.
«Демек әр азаматқа орта есеппен күніне кемі 3–4 қоңырау келеді», — деді ол.
Ал Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің орынбасары Ростислав Коняшкиннің айтуынша, алаяқтық қоңыраулардың басым бөлігі әлеуметтік желілер мен мессенджер (WhatsApp, Telegram) арқылы жасалады.
«Өздеріңіз білесіздер, белгілі бір SIM-картаға иелік етпей-ақ аккаунт ашуға болады. Енді ұялы байланыс операторлары қажет болса трафикті бұғаттап, биометриялық сәйкестендіруді енгізуі тиіс. Қазір бұл құралдар кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр», — деді ол.


